Сталкинг пе, қылмыс па: Атырауда әйел адам экс-сүйіктісінен қашамын деп өзі сотталып кетті (ВИДЕО)

Дегенмен Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес ол жазасын өтеуден босатылды

Сталкинг пе, қылмыс па: Атырауда әйел адам экс-сүйіктісінен қашамын деп өзі сотталып кетті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Атырауда бұрынғы әріптесін көлікпен қағып, ауыр жарақаттаған полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Сот әйелді абайсызда ауыр дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Алайда ол Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Halyqstan телеграм арнасына сілетеме жасап.

Оқиға қалай басталды?

23 жастағы Сымбат Таңатарова мен Қанат Ершан студент кезінде танысып, кейін екеуі де полиция қызметіне орналасқан. Әйел адамның айтуынша, арадағы қарым-қатынас үзілгеннен кейін ер адам мұнымен келісе алмаған. Ол қайта-қайта кездесуді талап етіп, соңынан қалмаған, WhatsApp арқылы үздіксіз хабарлама жазып, қорлайтын сөздер айтқан. Сондай-ақ сөйлеспей қойса, өзіне қол жұмсайтынын айтып қорқытқанын мәлімдеген.

Адвокаттары бұл жағдайды бірнеше айға созылған сталкинг, яғни адамды жүйелі түрде қудалау деп бағалаған.

Оқыс оқиға күні не болды?

Биыл 15 сәуірде Қанат Ершан Атырауға ұшып келген. Күндіз екеуі кездескенімен, әңгіме жанжалмен аяқталған. Кешке қарай ер адам Сымбаттың үйінің алдына тағы келген. Әйел адамның айтуынша, ол сыртқа шығуын талап етіп, айқайлап, терезені ұрған. Сол кезде үйде оның кәмелетке толмаған баласы болған.

Сымбат алдымен көршісінен көмек сұраған. Алайда ол араласудан бас тартқан. Өзі мен баласының қауіпсіздігіне алаңдаған әйел көлігіне отырып, есігін ішінен жауып алады. Осы кезде Қанат Ершан көліктің есігін ашуға әрекет жасап, сыртқа шығуын талап еткен. Әйелдің кетіп бара жатқанын көрген ол көліктің капотына секіріп мінген. Соған қарамастан көлік жүріп кеткен.

Бірнеше көше жүргеннен кейін бұрылыс кезінде ер адам капоттан құлап, асфальтқа басымен түскен. Оқиға салдарынан ер адам ашық бас-ми жарақатын алып, бассүйегі, бұғанасы мен қабырғалары сынған. Денесінің бірнеше жері жыртылып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, ол біраз уақыт комада жатып, кейін ғана есін жиған.

Қорғаушылар не деді?

Сымбаттың қорғаушылары оның ешкімге қасақана зиян келтіруді көздемегенін айтты. Олардың сөзінше, әйел тек қауіптен құтылып, үйінде қалған кішкентай баласын қауіптен алыстатуға тырысқан.

Сондай-ақ адвокаттар тергеу барысында Қанат Ершанның бірнеше ай бойы жалғасқан әрекеттеріне құқықтық баға берілмегенін алға тартты. Олардың пікірінше, дәл осы қудалау қайғылы оқиғаға алып келген.

Сот қандай шешім шығарды?

Алайда сот бұл уәжбен келіспеді. Үкімде Сымбат Таңатарова ер адамның көліктің капотында тұрғанын көре тұра қозғалысын тоқтатпағаны, салдарынан ауыр зардап тууы мүмкін екенін біле отырып, мұндай жағдайдың алдын алуға жеткілікті шара қолданбағаны көрсетілген.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 114-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Дегенмен Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес ол жазасын өтеуден босатылды. Бұдан бөлек, сот Сымбат Таңатаровадан Қанат Ершанның пайдасына 1 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, қорғаушылар сталкинг деп бағалаған Қанат Ершанның әрекеттеріне жеке құқықтық баға беру мәселесі сот үкімінде қарастырылмаған.