Әкесі амалсыз сотқа жүгінді: Абай облысында сирек кездесетін дертке шалдыққан қыз балаға дәрі-дәрмек берілмей келген
Іс Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған
Абай облысында сирек кездесетін генетикалық дертке шалдыққан қыз бала соттан кейін өмірлік маңызы бар дәрімен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған. Белгілі болғандай, өңір тұрғыны денсаулық сақтау басқармасын сотқа беріп, кәмелетке толмаған қызына «Анакинра» (Kineret) препаратын беруді талап еткен.
Сот мәліметінше, қыз бала жүйелі түрдегі ювенильді идиопатиялық артритке шалдыққан. Бұл – өте сирек кездесетін әрі ауыр өтетін генетикалық ауру. Науқастың жағдайын тұрақты ұстап тұру үшін оған «Анакинра» препаратын үздіксіз қабылдауы тиіс. Алайда бұған дейін әкесі денсаулық сақтау басқармасына, облыстық мәслихатқа және Денсаулық сақтау министрлігіне e-Otinish порталы арқылы бірнеше рет жүгінген. Бірақ жауапты мекемелер аталған дәрі тегін берілетін дәрі-дәрмек тізіміне кірмейтінін айтып, оны мемлекет есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес екенін хабарлаған.
Сот процесі кезінде тараптарға татуласу рәсімі ұсынылып, нәтижесінде медиативтік келісім жасалды. Келісімге сәйкес, Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы бір ай ішінде бөлінген қаржы шегінде қыз баланы қажетті көлемде «Анакинра» (Kineret) препаратымен қамтамасыз етуге міндеттенді.
Сот медиативтік келісімді бекітіп, кейін ол заңды күшіне енген соң денсаулық сақтау басқармасы өз міндеттемесін толық орындаған. Соның нәтижесінде сирек дертке шалдыққан қыз бала қажетті ем-домын уақытында алған.