Астанада Бәйтерек түбінде шампан шашқан блогер сотқа тартылды

Блогер қоғамдық жұмыс орнына айыппұл төлеуді таңдаған

Астанада Бәйтерек түбінде шампан шашқан блогер сотқа тартылды
Фото: видеодан скрин

Астанада «Бәйтерек» монументінің жанында видео түсіру кезінде қоғамдық орынды ластаған блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Істі Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы 27 сәуірде түнгі сағат бір шамасында әйел адам Нұржол бульварындағы «Бәйтерек» монументінің маңында болған. Ол шампан бөтелкесін ашып, ішіндегісін жерге төгіп, ортақ пайдаланылатын орынды ластаған.

Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Оның сөзінше, ол блогер болып жұмыс істейді және монумент аясында трендтегі видео түсіргісі келген. Түсірілімнен кейін қоқысты жинап кеткенін де жеткізді.

Құқық бұзушылық фактісі әйелдің өз түсініктемесімен, инспектордың рапортымен, әкімшілік хаттамамен және Instagram желісінде жарияланған бейнежазбамен расталған.

Сот кінәні мойындауы мен өкінуін жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сондай-ақ сот қоғамдық жұмыстар тек құқық бұзушының келісімімен тағайындалатынын назарға алған. Әйел мұндай жазаға келіспегендіктен, оған 10 АЕК көлемінде – 43 250 теңге айыппұл салынды.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.