Ақтауда ер адам дүкенге келген әйелдің сөмкесін ұрлап, сотталып кетті

Сөмкенің ішінде қомақты ақша болған

Ақтауда ер адам дүкенге келген әйелдің сөмкесін ұрлап, сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Ақтау қалалық соты сауда орталығында келушінің ақшасы бар сөмкесін ұрлаған жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 12 желтоқсанда сотталушы «Маңғыстау» сауда орталығындағы дүкендердің бірінде болып, келуші әйелге тиесілі қара түсті сөмкені жасырын түрде қолды еткен. Сөмкенің ішінде 7800 АҚШ доллары, 315 Ресей рублі және 170 000 теңге болған.

Сатушының назары басқа жаққа ауған сәтті пайдаланған ер адам сөмкені өз пакетінe салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Соның салдарынан жәбірленушіге жалпы сомасы 4 228 225,55 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.

«Прокурор К.-ны кінәлі деп танып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы К. кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады, келтірілген материалдық шығынды толық өтегенін айтып, соттан өзіне жеңілірек жаза тағайындауды өтінді», – делінген сот хабарламасында.

Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот оның бұрын сотталмағанын және істеген ісіне өкінгенін ескерді.

Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.