Жетісу облысында бұрынғы жігітінен қомақты қаржы бопсалаған қыз қамауға алынды

Ол экс-сүйіктісінен 25 млн теңге ақша сұраған

 

Жетісу облысында бұрынғы жігітінен қомақты қаржы бопсалаған қыз қамауға алынды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Жетісу облысында бұрынғы жігітін бопсалап, 25 млн теңге бопсалаған бойжеткенді полиция қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, олар шамамен төрт ай кездескен. Алайда біраз уақыттан кейін «екі ғашықтың» байланысы үзілген. Осыдан кейін қыз бұрынғы қарым-қатынас кезінде алған жеке мәліметтерді пайдаланып, ер адамды бопсалауды бастаған. Жігіт мұндай қаражаты жоқ екенін айтса да, қысым жалғаса берген.  

«Қысымды күшейту үшін күдікті әйел «құпиялылық туралы келісім» ретінде рәсімделген құжат жолдап, 25 млн теңгені үшінші адамның есепшотына аударуды талап еткен. Жәбірленуші мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтқанымен, талап тоқтамаған әрі сома өзгеріссіз қалған. Үздіксіз қысым мен қорқыту салдарынан ол 200 мың теңгені аударуға мәжбүр болған», - деп хабарлайды Жетісу облысы полициясының баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша аса ірі көлемде бопсалау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды, тергеу амалдары жалғасып жатыр.