Ақтөбе облысында құлынды биені ұрламақ болған ер адамдар қолға түсті (ВИДЕО)

Жануарларды мал ұрылары еркін жайылымнан ұстаған 

Ақтөбе облысында құлынды биені ұрламақ болған ер адамдар қолға түсті (ВИДЕО)
Фото: Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында «Мал ұрлығына жол жоқ!» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер Ырғыз ауданында мал ұрлау әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға қалай болды

Түнгі рейд кезінде полиция қызметкерлері дала ішінде шамын қоспай келе жатқан тіркемесі бар жол талғамайтын көлікті байқап қалған. Бұл күдік туғызғандықтан, полицейлер көлікті тоқтатуға әрекет жасаған.

Алайда жүргізуші талапқа бағынбай, қашып кетуге тырысқан. Осыдан кейін қуғын басталған.

Нәтижесінде көлік тоқтатылып, жергілікті екі тұрғын ұсталды.

Тіркемені тексеру кезінде оның ішінде еркін жайылымнан ұрланған бие мен құлын болғаны анықталды.

Кейін жануарлардың Құмтоғай ауылының тұрғынына тиесілі екені белгілі болды.

Қосымша тәркілеулер

Күдіктілердің тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту барысында мыналар табылып, тәркіленді:

  • ақбөкеннің мүйіздері,
  • жылқының бастары мен терілері,
  • екі тегіс ұңғылы мылтық,
  • оқ-дәрілер.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жануарлар иесіне қайтарылды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, сондай-ақ ұсталғандардың осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.