ШҚО әкімінің экс-бірінші орынбасары рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыға ала ма

Прокуратура осыған қатысты түсініктеме берді

ШҚО әкімінің экс-бірінші орынбасары рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыға ала ма
Фото: instagram.com/zhaksylyk_omar

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды. Осыған қатысты Өскемен қаласының прокуратурасы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Сотталушы бірқатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, атап айтқанда, қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасағаны, сондай-ақ пара алғаны анықталды.

Аталған әрекеттер сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатады және мемлекеттік қызметтің негіздеріне, қоғамның сеніміне нұқсан келтіреді. Мемлекеттік айыптаушы іс қысқартылған тәртіппен қаралғанын ескере отырып, заңда көзделген ең қатаң жаза тағайындауды сұрады», – деп түсіндірді прокуратура.

Сот бұл ұстаныммен келісіп, жаза толық көлемде тағайындалып, сотталушы алты жылға бас бостандығынан айырылды.

«Қолданыстағы қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға рақымшылық актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және тараптар оны апелляциялық тәртіппен шағымдана алады», – деп атап өтті прокуратура.