Қазақстанда жатырын «тексерткен» 770 мың ер адамның ісі Тоқаевтың да құлағына жетті
Президент бүгін Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады
Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда таратқандай, Жанат Элиманов президентке президентке әртүрлі салалардағы экономикалық қылмыстар туралы есеп берген. Соның ішінде Элиманов міндетті әлеуметтік сақтандыру қорындағы қыруар ақшаның жымқырылғаны туралы да айтқан.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлаған Элиманов.
Айта кетейік, жыл басында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлініп жатқан қаражаттың тиімділігіне жасалған IT-аудит өрескел заң бұзу фактілерін тіркеген еді. Бұл туралы үкіметтегі кеңес кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев ауқымды мәлімет ұсынған.
Тәкиев хабарлағандай, МӘМС-тен 1,8 млрд теңге науқастардың жынысына сай емес тексерулер үшін алынған. Мысалы, Қазақстанда 768 827 ер адам жатыр мойнының обырын тексертсе, 619 ер адам маммограммадан өткен. Тек бір аудандық ауруханада осындай 11 123 жағдай анықталған көрінеді (Алматы облысы).