Рэпер Qarakesek сот үкімінен кейін Ақтөбеде қоқыс жинап жүр (ВИДЕО)
Танымал рэпер есірткі мен мас күйде көлік жүргізгені үшін тағайындалған жазаны өтеп жатыр
Көпшілікке Qarakesek лақап атымен белгілі танымал орындаушы Омар Амантаев Ақтөбеде сот үкімін орындауға кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өнер иесі Заречный тұрғын алабында қоқыс жинаудан басталған 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа кірісті. Ол басқа тұрғындармен бірге аумақты абаттандыруға және кентті тазалауға қатысып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Еске салайық, биыл ақпан айында сот оны психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны және мас күйде көлік басқарғаны үшін кінәлі деп таныған болатын. Қоғамдық жұмыстан бөлек, ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, сондай-ақ бұған дейін 15 тәулік әкімшілік қамауда болған.
Полиция мұндай шаралар құқық бұзушылықтың алдын алуға және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын еске салды.