$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жібек жолы ауылындағы жантүршігерлік қылмыс: ІІМ жаңа мәліметтерді айтты

ІІМ күдіктінің психиатриялық есепте тұрғаны туралы ақпаратты растамады

Жібек жолы ауылындағы жантүршігерлік қылмыс: ІІМ жаңа мәліметтерді айтты
Фото: Әсет Құндақбаев

Ақмола облысы Жібек жолы ауылында бірнеше адамды өлтірді деген күдікке ілінген адам бұрын да сотталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыстық істің кейбір мән-жайын Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтып берді.

«Күдікті бұған дейін сотталған. Қазір ол күдікті ретінде танылып, қамауға алынды. Сот санкциясымен қамауда отыр. Қылмыстық іс бойынша бірнеше жәбірленуші бар екенін растаймын. Қаза тапқандардың барлығы анықталды, олардың жеке басы сәйкестендірілді. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», – деді министрдің орынбасары Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.

Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған жаппай кісі өлтіру туралы ақпарат көпшіліктің назарына ілікті. 

Қаза тапқандардың туыстары мен көршілері ұсталған адамның психиатриялық есепте тұрғанын айтқан. Алайда ІІМ орынбасары бұл ақпаратты растаған жоқ. Дегенмен күдіктінің бұрын сотталғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Санжар Әділов оқиға орнында тергеу-жедел тобының жұмысы әлі де жалғасып жатқанын айтты.

Айта кетейік, 2 наурыз күні Жібек жолы ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі өлтірілгені белгілі болды. Ақмола облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар тарап жатқанын мәлімдеген. Ведомство күдіктінің қылмыс жасалғаннан кейін көп ұзамай ұсталғанын да хабарлады.

Жібек жолы ауылының тұрғындары арасында бұл сұмдық қылмысты олардың өз туысы жасаған болуы мүмкін деген әңгіме тарап жатыр. Тіпті ол оларды пышақтап, денелерін бөлшектеді деген де сөз айтылуда. Алайда полиция бұл оқиғаның нақты мән-жайын жариялап отырған жоқ. Қазір іс кісі өлтіру фактісі бойынша тергеліп жатыр.