Бойы 187 см, салмағы 75 келі, 2-курс студенті: қазақ футболының жаңа жұлдызы Шерхан Қалмырза жайлы не білеміз
18 жастағы қазақ баласының шеберлігін әлем талқылап жатыр

Шерхан Қалмырза 2025 жылы Чемпиондар лигасында «Қайрат» сапында тарихи дебют жасап, болашағы зор футболшы ретінде танылды. Кешегі «Реал Мадрид» пен «Қайраттың» ойынынан кейін оның шеберлігін мойындағандар көбейіп, жас спортшы таныла түсті. Ойыннан кейін Шерхан Қалмырзадан 15 жас үлкен «Реалдың» қақпашысы Тибо Куртуаның өзі оған құрмет танытып, жейдесін сыйға тартқан еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шерхан Қалмырза 2007 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. Бойы 187 см, салмағы 75 келі. «Қайрат» клубына қосылғанына 3 жыл болған. Үйдің тұңғышы, әулетіндегі алғашқы жиен немере.
Оның анасы, продюсер Сәуле Рабаева ұлының футболға келуіне себепкер болған оның әкесі Еділхан Рабаев екенін айтады. Кішкентайынан ширақ, спортқа бейім болған Шерхан 4-7 жас аралығында джиу-джитсуға қатысқан. Кейін оның атасы футболға берген.
«Қайрат» академиясына Шерхан Қалмырза 14 жасында қабылданған. Қазір университеттің 2-курс студенті және «Қайраттың» негізгі құрамының жас қақпашысы. Оның 1-2 жыл бұрынғы ойын қарқыны да осал емесін көрсетеді.
Жас қақпашы Шерхан Қалмырза 2023 жылы QJ League аясында 8 матчқа қатысып, алаңда барлығы 154 минут бойы доп қаққан. Бұл маусымда қақпашы 5 сейв жасап, алайда «құрғақ» ойын (гол жібермеген матч) тіркей алмады.
Келесі жылы Шерхан айтарлықтай алға басып, шыңдала түскен.
2024 жылғы маусымда ол:
-
17 матчқа қатысып, жалпы 1002 минут доп қаққан
-
19 сейв жасады
-
4 ойынды қақпасына гол жібермей аяқтады
-
барлығы 7 гол жіберіп, 1 сары қағаз алды
2024 жылдың соңына қарай, небәрі 17 жасында Шерхан Қалмырза «Қайрат-Жастар» резервтік құрамасына ауысты. Жас қақпашы алғашқы ресми ойынын 2025 жылдың 17 сәуірінде өткізді. Бұл матчта «Қайрат-Жастар» командасы «Хан-Тенгриді» 4:1 есебімен жеңіп, Шерхан кәсіби деңгейдегі дебютін сәтті бастады.
2025 жылдың 20 тамызында Глазгодағы әйгілі «Селтик Парк» стадионында Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында «Селтик» пен «Қайрат» арасындағы маңызды кездесу өтті. Шерхан Қалмырза бұл ойында қосалқы ойыншылар қатарында болды.
Матч барысында қазақстандық қақпашылар үшін жағдай былай өрбіді:
- 75-минутта негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақат алып, оның орнын Темірлан Анарбеков басты.
- Алайда көп ұзамай Темірлан да жапондық ойыншы Шин Ямаданың соққысынан жарақат алды.
Осылайша, матч Қазақстан клубы үшін де, жас қақпашы Шерхан үшін де үлкен тәжірибе болды. Бұл кездесу оның Еуропа аренасына жақындағанын көрсетіп, болашақ мүмкіндіктеріне жол аша түсті.
Ойын барысында телекамералар назарын қосалқы қақпашы Шерхан Қалмырзаға аударғанда, ол күтпеген жерден матчтың басты назардағы кейіпкеріне айналды.
Камера жас қақпашыны көрсеткен сәтте Шерханның жүзі қатты уайымға толы еді. Оның алаңға шығуға дайындалып, қобалжыған бейнесі экранға шыққанда жанкүйерлер 18 жастағы ойыншы дәл сол сәтте үлкен жауапкершілікті сезініп тұрғанын бірден түсінген еді. Желіде оның бейнесі «мемге» айналды.
2025 жылдың 14 қыркүйегінде Шерхан Қалмырза «Қайраттың» негізгі құрамында алғаш рет алаңға шықты. Бұл күн оның кәсіби мансабындағы маңызды белестердің бірі болып қалды.
Матч «Ақтөбе» клубына қарсы өтті. Бірінші таймда «Қайраттың» екінші қақпашысы Темірлан Анарбеков жарақат алып, ойыннан шығып қалды. Осы сәтте бапкерлер жас қақпашыға сенім артып, Шерханды алаңға шығарды.
Бұл небәрі 18 жасар футболшы үшін Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы ресми ойын болды. Оның алаңға шығуы жанкүйерлердің назарын аударып, жас қақпашының кәсіби деңгейге сенімді қадам басқанын көрсетті.
Ал күні кеше Алматының Орталық стадионында «Қайрат» Еуропаның алып клубы «Реал Мадридке» қарсы алаңға шықты. Матч 0:5 есебімен аяқталғанымен, қазақстандық жанкүйерлер команданы сынға алмады. Керісінше, олар ойыншылардың табандылығын атап өтіп, Шерхан Қалмырзаның кәсібилігіне жоғары баға берді. Шерхан Қалмырзаның шеберлігін тіпті шетелдік жанкүйерлер де атап өтті.
Ал 18 жастағы жас жігіттің жеке өміріне тоқталсақ, ол 1,5 жыл бойы Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаты, қазіргі «Жетісудің» жаттықтырушысы Самат Смаковтың қызы Самирамен кездесіп жүргені белгілі болды.
Самира Смакова 2005 жылы дүниеге келген, Шерханнан екі жас үлкен. Әлеуметтік желідегі парақшаларына сүйенсек, олар отбасыларымен бірге тығыз, жылы қарым-қатынас орнатқан.
Бүгінгі таңда Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасындағы дебюттік ойында пенальти қайтарған ең жас қақпашы ретінде тарихқа енді.