Қазақстан спортшылары батуттық гимнастикадан әлем кубогында алтын алды
Жарыс Германияның Котбус қаласында өтті

Қазақстандық гимнасттар Германияда өткен әлем кубогында топ жарып, ел қоржынына алтын медаль салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарыс нәтижесі
Германияның Котбус қаласында батуттық гимнастикадан әлем кубогының кезеңі өтті. Синхронды секіру бойынша жұптық жарыста қазақстандық спортшылар Данил Мусабаев пен Никита Тумаков 52,200 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды.
Екінші орынға 52,050 ұпаймен Германия құрамасы (әлем чемпионы Кайо Лаукстерман мен екі дүркін әлем чемпионы Фабиан Фогель) тұрақтады. Қола жүлде 51,530 ұпай жинаған Ұлыбритания спортшыларына (әлем чемпионы Зак Перцаманос пен Еуропа чемпионы Кори Уолкс) бұйырды.
Қазақстандықтардың жетістігі
Айта кетейік, биылғы жылдың басында Мусабаев пен Тумаков Әзербайжанда өткен әлем кубогының кезеңінде күміс медаль иеленген болатын. Бұл жолы олар өз нәтижесін жақсартып, алтынға қол жеткізді.
Әлем кубогының бұл кезеңі 21 қыркүйекте аяқталады.