Қазақстандық спортшы UFC-дегі үздік нокаут үшін сыйға баспана алды (ВИДЕО)
Жекпе-жек шеберін марапаттаған сәттің видеосы жарияланды

Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық UFC файтері Бекзат Алмаханға нокаутпен жеңіске жеткені үшін үй сыйға тартылды , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Triumph Fights жекпе-жек залының әлеуметтік желідегі парақшасында жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсететін аралас жекпе-жек шеберін марапаттаған сәттің видеосы жарияланды. Оған залдың бас демеушісі жаңа үйдің кілтін табыс етті.
Тағы бір UFC файтері Азат Мақсұм да марапатталды. Оған сыйлық ретінде мотоцикл берілді.
«Залдың бас демеушісі Бекзатқа үй, Азатқа мотоцикл сыйға тартты. Бұл сыйлықтар марапат қана емес, олардың еңбегі мен ерлігіне деген алғыс пен құрмет», - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, Бекзат Алмахан соңғы рет Монреальда (Канада) өткен UFC 315 турнирінде жекпе-жекке шыққан болатын. 27 жастағы қазақстандықтың алғашқы жекпе-жегіндегі қарсыласы 33 жастағы жергілікті файтер Брэд Катона (14-5) болды.
Үш раундқа жоспарланған жеңіл салмақтағы жекпе-жек 64 секундта Алмаханның жеңісімен аяқталды.
Ал Азат Мақсұм Бакуде (Әзірбайжан) өткен UFC турнирінде төбелесті. Оның қарсыласы ресейлік UFC файтері, Хабиб Нурмагомедовтың шәкірті Тагир Ұланбеков болды. Жекпе-жек үш раундқа созылып, Ұланбековтың жеңісімен аяқталды.