«Ливерпуль» Диогу Жота ойнаған 20 нөмірлі жейдені енді ешкімге бермейді
Ол нөмір мәңгі Диогу Жотаның атында болады

Ағылшынның әйгілі «Ливерпуль» футбол клубы ресми сайтында мәлімдеме жасап, Диогу Жота өнер көрсеткен №20 жейдені айналымнан шығарып, енді ешкімге бермейтінін мәлім етті. Мұндай шешім футболшының клубқа қосқан елеулі үлесі мен қайғылы жағдайға ұшырауына байланысты қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024/2025 жылғы маусымда «Ливерпуль» Англия Премьер-лигасындағы 20-шы чемпиондығын жеңіп алды. Осы жетістікке Диогу Жотаның шешуші голы тікелей әсер еткен. Ол сәуір айындағы мерсисайдтық дербиде «Эвертон» қақпасына салған жалғыз әрі жеңісті голымен ерекшеленді. Бұл оның өміріндегі соңғы гол болып тіркелді.
28 жастағы португалиялық шабуылшы Испанияда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапты. Бұл жағдай футбол әлемі үшін ауыр соққы болды. Клуб өкілдері оның есімін құрметпен еске алып, №20 жейдені мәңгілікке шегеруге шешім қабылдады.
Диогу Жота 2020 жылдың қыркүйегінде «Вулверхэмптоннан» ауысып келген болатын. Осы уақыт ішінде ол барлық турнирде 182 матчқа қатысып, 65 гол және 26 нәтижелі паспен көзге түсті. «Ливерпуль» сапында ол мынандай жетістіктерге жетті:
- Англия чемпионы;
- Англия кубогының иегері;
- Англия Лига кубогының екі дүркін жеңімпазы.