Жалғас Жұмағұлов «еуропалық UFC» белбеуін жеңіп алды
Жекпе-жек төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Жұмағұловтың жеңісімен аяқталды

Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов (17-9) Гамбургте (Германия) аралас жекпе-жектен Oktagon 73 турнирінде өнер көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Жұмағұлов аса жеңіл салмақта лиганың бұрынғы чемпионы, грузин спортшысы Бено Адамиямен (12-8-2) төбелесті. Адамия өз титулын қорғауы керек еді, бірақ жекпе-жектен бір күн бұрын салмағы талапқа сай келмегендіктен белбеуінен айырылды. Сөйтіп, титул Жалғасқа ғана тиесілі болды.
Жекпе-жек бес раундқа жоспарланып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Жұмағұловтың жеңісімен аяқталды.
Адамия кейінгі алты жекпе-жекте қарсыласынан басым түскен болатын. Ал қазақстандық спортшы қатарынан төрт рет жеңіске жетті.
Жұмағұлов бұған дейін UFC-де өнер көрсетті, осы промоушенде жеті жекпе-жек өткізіп, оның бірінде жеңіске жетіп, алты рет жеңілген. Оның ММА-дегі жалпы рекорды – 17 жеңіс және 9 жеңіліс. Ол 2023 жылы UFC-ден кетті.
Жалғас сонымен қатар 2018-2019 жылдары Fight Nights Global чемпионы болды.