Қазақстандық теннисші Ұлыбританиядағы ірі теннис турнирінде жеңіске жетті
Спортшы жұптық сайыста чехиялық Мария Боузковамен бірге өнер көрсетті

Қазақстандық теннисші Анна Данилина Ұлыбританияның Истборн қаласында өткен ірі турнирдің финалында жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Спортшы жұптық сайыста чехиялық Мария Боузковамен бірге өнер көрсетіп, чемпион атанды.
«Шешуші матчта Данилина мен Боузкова Тайбэй өкілі Сэ Шувэй мен аустралиялық Майя Джойнтты жеңді», - деп жазылған хабарламада.
Финалдық кездесу 6:4, 7:5 есебімен аяқталды.
Еске сала кетейік, Лондонда өтетін беделді әлемдік теннис турнирі – «Уимблдонның» жеребесі тартылып, қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды.
Жарыстың негізгі кезеңінде Қазақстан атынан Бейбіт Жұқаев, Александр Бублик, Александр Шевченко, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Анна Данилина (жұптық сайыста) өнер көрсетеді.
Жекелей сайыста отандастарымыз төмендегі қарсыластармен кездеседі:
- Александр Бублик – Хайме Мунар (Испания);
- Александр Шевченко – Райли Опелка (АҚШ);
- Бейбіт Жұқаев – Флавио Коболли (Италия);
- Елена Рыбакина – Элина Аванесян (Армения);
- Юлия Путинцева – Аманда Анисимова (АҚШ).
Анна Данилинаның жұптық сындағы қарсыластары кейінірек белгілі болады.