Бақтияр Артаев ішімдіктен емделген зілтемірші Алмас Өтешовті лауазымды қызметке тағайындады
Тағайындауға қатысты спорт басқармасы ресми хабарлама таратты

Қызылорда облысының спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев ауыратлет Алмас Өтешовті лауазымды қызметке тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған қатысты облыстық басқарма ресми хабарлама таратты.
«Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Б.Артаевтың бұйрығына сәйкес, 12 маусымнан бастап Алмас Өтешов Дәулетярұлы басқармаға қарасты «Олимпиадалық резерв даярлау орталығы» КММ директорының орынбасары қызметіне тағайындалды», - делінген басқарма хабарламасында.
Алмас Дәулетярұлы – ауыр атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы.
Осы уақытқа дейін яғни бес айға жуық басқармаға қарасты «Мұз айдыны» мекемесінде әдіскер болып қызмет атқарды.
Айта кетейік, зілтемірші Алмас Өтешов «Уақыт көрсетеді» подкастына шығып, ішімдіктен емделгеннен кейін қандай күйде екенін айтып берген болатын.