«Алдымен біліп ал»: Шавкат Рахмонов жанкүйердің сұрағына ашуланып кетті
Рахмонов кім қандай салмақта шығатынын білмейтін желі қолданушысына ренжіді

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов жанкүйерлерін әлеуметтік желіде беталды сұрақ қоймауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Махачевпен қашан шығасың депті. Жігіттер, ол басқа салмақта ғой. Алдымен кім қандай салмақта төбелесетінін біліп алып, сосын сұрақ қою керек. Қазір 65 килограмда жүрген жігіттермен шығасың ба деп жатады. Кейде осындай орынсыз сұрақтар болады. Жекпе-жекті көріп жүрген адам кім қандай салмақта шығатынын білу керек. Беталды сұрақ қоя бермей дегенім ғой», - деп ашуланды файтер.
Алайда оқырман бұл сұрақты бекер қоймаған секілді. Осы әңгімеден кейін көп ұзамай ресейлік Ислам Махачев жеңіл салмақтағы UFC чемпиондық атағын босатып, Рахмонов өнер көрсететін жартылай орта салмақ дәрежесіне көтерілді. Ол дивизионның қазіргі чемпионы австралиялық Джек Делла Маддаленамен келесі жылы титулға таласады деп жоспарлануда.
Рахмонов пен Махачев кездесе ме?
Шавкат Рахмонов жаттығатын Dar Team командасының Instagram парақшасында «Көшпенді» мен Ислам Махачев арасында дивизион чемпионы атағы үшін жекпе-жек өтуі мүмкін екендігі туралы мәлімдеме жарияланды.
Dar Team өз парақшасында Рахмонов пен Махачевтың суретін жариялап, оған: «Мұндай титулдық жекпе-жекті жақын арада көріп қалуымыз мүмкін…» деп жазды.
Айта кетері, Шавкат Рахмонов қазір тізе жарақатына байланысты ем қабылдап жатыр, ол жартылай орта салмақ дәрежесіндегі рейтингте үшінші орында тұр.