Қазақстандық семсерлесуші халықаралық Гран-приде жүлделі орынға ие болды
Семсерлесуші Руслан Құрбанов күміс жүлдені жеңіп алды

Ұлттық ұлан спортшысы Колумбиядағы Семсерлесуден халықаралық Гран-приде жүлделі орынды иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтық сында есе жіберді
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының мәліметінше семсерші, дене шынықтыру және спорт бойынша аға маман ефрейтор Руслан Құрбанов Боготада (Колумбия) өткен қылышпен семсерлесуден беделді Гран-придің күміс жүлдесін иеленді.
Жартылай финалдық жекпе-жекте Руслан Құрбанов Өзбекстан елінің өкілі Вадим Анохинді 15:14 есебімен жеңіп, жекпе-жектегі шеберлігін көрсетті.
«Ақтық сында ол жапон Акира Коматамен кездесіп, 10:15 есебімен жеңілді. Десек те, жоғары көрсеткіштері арқылы тұғырлы екінші орынға тұрақтады. Қола жүлдені Вадим Анохин мен француз Луиджи Мидельтон өзара бөлісті», - деп атап өтті Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Тағы бір семсерлесуші үздік ондыққа енді
Дене шынықтыру бойынша аға маман ефрейтор Ерлік Сертай да кәсіби қабілетін танытып, Гран-придің ең мықты он спортшысының қатарына енді. Дода нәтижесінде ол сегізінші орыннан табылды.
«Ұландықтардың халықаралық аренадағы жетістіктері — Ұлттық ұлан қатарында спортты дамытуға бағытталған қажырлы жаттығулардың, нұсқаушылардың кәсібилігінің және жүйелі жұмыстың нәтижесі. Осы деңгейдегі жарыстарға қатысу жауынгерлік рухты нығайтады, сондай-ақ әскери қызметтің беделін арттырады және жас ұрпақты Отан қорғау ісін таңдауға шабыттандырады», - деп жазылған хабарламада.
Ұландықтар Қазақстанды тек сапта ғана емес, сонымен қатар спорттық аренада да сенімді қорғап, ел намысы мен құқықтық тәртіп әскерлерін лайықты таныстырып келеді.