Сұлулығымен жігіттерді есінен тандырған боксшы қыз кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетті
Ол екі аптада екі мәрте рингке шықты
![Сұлулығымен жігіттерді есінен тандырған боксшы қыз кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетті](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/10/67aa47d4d0650847753180.jpeg)
Танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас Ыстамбұлда өткен жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери боксшы Түркиядағы кездесуінде венесуэлалық Джоанна Суньиганы ұтты. Кездесу қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық спортшыға берді.
«8 раундқа созылған жекпе-жекті жеңіспен аяқтадым. Осындай тәжірибе мен рингке қайта шығу мүмкіндігі үшін ризамын. Қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтамын! Әрбір жекпе-жек – спорттағы өмірімнің бір бөлігі, мені алға ұмтылуға итермелейді», – деді Ангелина Лукас.
Айта кетейік, екі аптаға жуық уақыт ішінде екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де басым түсті. Осыған дейін, 31 қаңтар күні Мәскеуде өткен «IBA чемпиондар түні» турнирінде нигериялық спортшы Айисат Орийомиді нокаутпен жеңген болатын.