Министр мен Головкин бір телефоннан Қытайға қоңырау шалып, мәз болды (ВИДЕО)
Олар Харбинде алтын алған спортшыларды құттықтаған
![Министр мен Головкин бір телефоннан Қытайға қоңырау шалып, мәз болды (ВИДЕО)](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67aae683aa27f034198495.jpeg)
Фристайл-акробатикадан Қазақстан ерлер құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында алтын алғанын жазған едік. Іле-шала туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин спортшыларға видеобайланыс арқылы қоңырау шалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олардың видеосын Ұлттық Олимпиада комитетінің желідегі ресми парақшасы жариялаған. Министр жігіттермен амандасып, оларды жеңістерімен құттықтады.
«Құтты болсын, жігіттер. Үлкен жетістік! Ел үшін өте маңызды жеңіс. Алтын медальдар мұндай жарыста ауадай қажет. Сондықтан, ел үмітін ақтадыңдар. Қуаныштымыз», - дейді министр.
Харбинде тұрған спортшылар ыстық ықыластарын жолдап, бұл – тарихтағы тұңғыш алтын медаль екенін айтқан.
«Жарайсыңдар, жігіттер! Үздік екендеріңді дәлелдедіңдер!», - дейді министрдің қолынан телефонды алған Головкин.