Алтын және күміс жүлде иеленген бүркітшілерге автокөлік сыйланды
«Құсбегілік» спорт түрі бойынша екі күн қатарынан өткен жарыс өз мәресіне жетті
Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құсбегілік жарысынан алтын және күміс жүлде иеленген бүркітшілерге автокөлік сыйға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Демеушілердің қолдауымен федерация «бүркіт салу» санатында жеңімпаз атанған Серікбек Күнтуғанға автокөлік кілтін сыйға тартты. Сондай-ақ компания басшысы «бүркіт салудан» екінші орын алған жерлесі Ерзат Байқадамовқа да өзінің атынан темір тұлпар табыстады», - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, көшпенділер ойындары аясында «Құсбегілік» спорт түрі бойынша екі күн қатарынан өткен жарыс өз мәресіне жетті. Тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаларына байлады.
«Бүркіт салу» санатында бірінші орынды ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуған «Алғыр» құсымен иеленді. 2 жаттығу бойынша өткен тартысты бәсекеде екінші орынға «Заңғар» құсымен Ерзат Байқадамов шықса, «қола» медальді құсбегі Арман Қошқаров «Нарын» атты бүркітімен еншіледі.