Аударыспақтан екі алтын, бір күміс жүлде ел қоржынында
Сырым Ізбасаров финалда Моңғолиядан келген спортшы Ерболат Жеңісбекті жеңді
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында аударыспақтан жарыстың соңғы күні ел намысын 3 спортшымыз қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұлттық және ат спорт түрлері орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Аударыспақтан 100 келі салмақта сынға түскен Сырым Ізбасаров финалда Моңғолиядан келген спортшы Ерболат Жеңісбекті жеңіп, алтын жүлдені иемденді. Аударыспақта 100 келіден жоғары салмақта сынға түскен Біржан Қосалиев алтын жүлдеге ие болды. Ол финалда Қырғызстан спортшысы Күмушбек Қыдырәлиевті жеңді.
Ал, 90 келі салмақта сынға түскен Есімхан Рахматіллә күміс жүлдеге ие болды. Финалда ол Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулынан жеңілді.
Еске сала кетсек, аударыспақтан алғашқы жарыс күнінде 60 келіде Ермек Құралбай, 70 келіде Алмат Ләтіпбек және 80 келіде Дарын Өткелбай алтын медаль жеңіп алды.