Астанада жұртшылық паралимпиада жеңімпаздарын қарсы алды
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та бас көрсеткен
Бүгін Астана әуежайында бір топ жанкүйер Париж Паралимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарапайым тұрғындардың арасынан спортшылардың ата-аналарын да байқауға болады. Әуежайға туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та барған.
Бір топ адам паралимпиадада алтын медаль алған Ақмарал Науатбек пен Давид Дегтяревті, күміс жүлдегерлер – Ерғали Шәмей мен Нұрдәулет Жұмағалиді және қола медаль иегерлері Даяна Федосова, Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбековті күтіп алды.
Жанкүйерлер спортшылармен бірге суретке түсіп, олардың медальдарын ұстап көрген. Айта кетейік, 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өткен паралимпиадада ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте 39-орынға тұрақтады.