«Тірісің бе, Нұрсұлтан?»: Маржықпаев жаттықтырушыларға неге мұқата сөйлейді

Azattyq Rýhy

Ол осылайша алқа отырысы өткен залдан таеквондо федерациясының өкілдерін іздеген

«Тірісің бе, Нұрсұлтан?»: Маржықпаев жаттықтырушыларға неге мұқата сөйлейді
Фото: аға-жаттықтырушысы Нұрсұлтан Мамаев, видеоскрин

Бүгін алқа отырысын өткізген туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасында жүлде алмаған федерациялардың өкілдеріне мұқата тіл қатты, деп жазады Azattyq Rýhy 

Талқылау таеквондо спорт түріне келгенде ол залдан федерация өкілдерін іздеді. Айта кетейік, Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін, бұл федерацияның басшылығы орнын босатқан болатын. 

«Таеквондо. Біреу бар ма, әлде бәрі кетіп қалды ма?» деген министрдің көзі залдағы аға жаттықтырушы Нұрсұлтан Мамаевқа түскендей болды.

«А, сен тірісің бе? Нұрсұлтан! Екеуміздің сөйлескеніміз есіңде ме? Сендер маған кемі қола медаль аламыз деп уәде бердіңдер емес пе?», - деді Маржықпаев оған қарата сөз сөйлей.

Микрофон алып жауап берген таеквондо федерациясының аға-жаттықтырушысы Нұрсұлтан Мамаев олимпиадаға бара жатқанда Самирхон Абабакиров медаль алады деген үміт болғанын айтты.

«Ал, бәрі айтып жүрген жаттықтырушы Есбол Сұлтанов (министр таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері әрі осы елге алтын сыйлаған спортшының жаттықтырушысы Есбол Сұлтановты айтып отыр - ред.), ол қандай адам?», - деп сұрады Маржықпаев.

Нұрсұлтан Мамаевтың айтуынша, ол Қазақстан құрамасында екі жыл жаттықтырушы болған.

«Бізде жұмыс істеген кезде нәтижесі болды ма? Қолыңды қалтаңнан шығар!», - деді Маржықпаев.

Министрдің «бұйрығын» орындаған Нұрсұлтан Мамаев қазір Тунис құрамасын жаттықтырып жүрген жаттықтырушы Есбол Сұлтанов екі әлем чемпионатында медаль әкеле алмағанын айтты.

«Жақсы, отыр, әлі жұмыс істейміз, көреміз», -  деп күрсінді Маржықпаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.