Велошабандоз Сергей Пономарев неліктен Олимпиадаға барған жоқ: ҰОК түсініктеме берді

Azattyq Rýhy

Сергей Пономаревтің жеке тәлімгері Олимпиадаға іріктеу «әділетсіз өтті» деп мәлімдеген болатын

Велошабандоз Сергей Пономарев неліктен Олимпиадаға барған жоқ: ҰОК түсініктеме берді
Фото: Lada.kz, Жанұя Сейітова

Ұлттық Олимпиада комитеті Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан сынға түспеген маңғыстаулық велошабандоз Сергей Пономаревке қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербектің айтуынша, қолданыстағы ережелерге сәйкес велотрек бойынша квотаның жеке мақсаты жоқ, ал жарыстарға, оның ішінде Олимпиада ойындарына қатысу үшін спортшыларды іріктеуді тиісті спорт түрі бойынша ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ғана жүзеге асырады.

«Ұлттық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындарын қоса алғанда, жарысқа үміткерлердің іріктеу процесіне қатыспайтынын атап өткен жөн. Халықаралық Олимпиада комитетінің ережелеріне сәйкес, квотаны алғаннан кейін аккредиттелген республикалық федерация ұлттық Олимпиада комитетіне квотаны пайдалану туралы растауды, сондай-ақ спортшының тегі мен аты-жөнін көрсете отырып, қатысуға өтінімді ұсынуға міндетті. Өз кезегінде Ұлттық Олимпиада комитеті өз құзыреті шегінде әрекет ете отырып, Халықаралық Олимпиада комитетіне аккредиттелген республикалық федерациядан алынған Олимпиада ойындарына қатысуға өтініммен бірге квотаны пайдалануға қатысты растау жібереді», - деп түсіндірді Нұрлан Нөгербек.

Мұндай жағдайда мынандай сұрақ туындайды:  спортшылар арасында республикалық іріктеу не үшін өтеді, бұл іріктеуде алған бірінші орын Олимпиада ойындарына баруға бәрі-бір мүмкіндік бермейді.

Естеріңізге сала кетейік, Сергей Пономаревтің жеке тәлімгері – Жанұя Сейітова бұған дейін Олимпиадаға іріктеу «әділетсіз өтті» деп мәлімдеген болатын. Спортшы «Спринт» және «Кейрин» сияқты екі түрін де жеңіп, қарсыластарынан асып түскен. Алайда, екі алтын жеңіп алғанына қарамастан жарысқа басқа велошабандоз – Маңғыстау спортшысынан артта қалған Андрей Чугай аттанған.

Айта кетейік, тректегі велоспорттан Қазақстан командасының мүшесі Андрей Чугай Париждегі Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсете алған жоқ. Ол жұбаныш раунды арқылы 1/4 финалға өте алмады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.