«Бокс құрдымға кетіп жатыр»: танымал бапкер спортшыларға мінез жетпейді дейді

Аягөз Құрмаш

Ол 4 жылда бір келетін Олимпиадада спортшы жанын сала жарысу керек деген пікірде 

«Бокс құрдымға кетіп жатыр»: танымал бапкер спортшыларға мінез жетпейді дейді
Фото: видеодан скриншот

Белгілі бапкер Мұхит Амантаев «Бірінші бол» подкастына берген сұхбатында қазақ боксінің құлдырауына не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мықтыларды аяғынан шалмай, жарыстарға апару керек. Қазақ бір-бірін көре алмайды. Кішкентай кезінен балаларды бөліп, «анау ананың баласы, мынаның көкесі мынау» дегенді қою керек. Аға-көкелер ойнап жүрген кезде бокс құрдымға кетіп жатыр. Осылай кете берсе, ертең Олимпиада алтыны емес, Олимпиада медаліне зар болып, соған қуанып отырамыз», - дейді ол.

Амантаев атағандай, бізде боксшыларды жаттықтыру тәсілі өзгермеген.

«Олимпиадаға бару - әр спортшының арманы. Төрт жылда бір келетін додада жаныңды салып күресуің керек. Олимпиадаға шығып тұрсың ба - соққыны аяма. Біздің спортшылар болса, рингке шығып алады да бір-екі ғана соққы жібереді. Құшақтасып тұрады. Жеңілген соң «Алла бұйыртпады, қаламады» дейді. Боксшыларға мінез жетпейді. Бәрі де спортшының өз қолында», - дейді Мұхит Амантаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.