Тек медальмен оралуға тырысамын - Назым Қызайбай Париж Олимпиадасы туралы
Бас бапкері Елдос Сайдалинның айтуынша, үш спортшы да бірінен-бірі өтетін мықты
Белгілі боксшы қыз Париж олимпиадасына дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұған дейін бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай Жазғы Олимпиада ойындарына дайындық қызу жүріп жатқанын жеткізді.
«Олимпиадаға дайындық кезінде көбінесе күшке және жылдамдықты арттыруға жұмыс істедік. Таңертең және кешке жаттығу жасаймыз. Құрама жақсы дайындалып жатыр. Олимпиадаға барғаннан соң, міндетті түрде медальмен оралуға тырысамыз, алтын алып келуге бар күшімізді саламыз. Қаншама жыл сол үшін еңбектеніп келеміз, қолымыздан келгенін аянып қалмаймыз. Мақсатымыз қазақтың атын әлемге таныту», - деді спортшы
Әйелдер құрамасының Бас бапкері Елдос Сайдалин жаттығудың өте жемісті өткенін айтты.
«Бүгін дайындықтың соңғы күні. Олимпиадағы 3 түрлі салмақта, 3 қызымыз барады. 50 кг салмақта Назым Қызайбай, 57 кг салмақта Ибрагимова Карина, 75 кг салмақта Валентина Хальзова барады. Үшеуі де мықты спортшы. Құрамада отмосфера өте жақсы», - деді ол.