Биыл еліміз үшін қандай маңызды спорт жарыстары өтеді

Azattyq Rýhy

Париждегі жазғы олимпиада ойындарын басты оқиға деп атауға болады

Биыл еліміз үшін қандай маңызды спорт жарыстары өтеді
Фото: instagram.com

Жаңа жылдағы ірі спорттық жарыстар шымылдығын IV қысқы Жасөспірімдер олимпиадасы ашып береді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылғы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондо қаласында (Оңтүстік Корея) өтетін IV қысқы Жасөспірімдер олимпиадасына Қазақстан спортшылары да қатысады. Қазіргі уақытта ел құрамасында 5 спорт түрі (10 дисциплина) бойынша 30 лицензия бар (42 спортшы).

«Биылғы жылдың басты оқиғасы – Париждегі жазғы Олимпиада ойындары деп атауға болады. Бұл дода 26 шілде мен 11 тамыз аралығында әлемнің 205 елінен келген 10 мыңнан астам спортшының қатысуымен өтеді. Төрт жылдықтың жарысында спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түріне қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда жерлестерімізде спорттың 8 түрі бойынша (садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс) 17 лицензия бар. Алда 90-ға жуық лицензиялық жарыс күтіп тұр. Сондықтан жолдамалар санын әлі де көбейту мүмкіндігі бар», - делінген министрлік хабарламасында.

Еліміз үшін жылдың маңызды тарихи оқиғасы – елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу (2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында). Қазақстанға әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар келеді. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Қазіргі уақытта ұлттық құрама даярлықты бастады, командалар құрамы қалыптасуда, оқу-жаттығу шаралары өткізілуде.

Биыл Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте (Өзбекстан) өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми отырысында хабарланды. IBA Федерациясы президентінің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры 4,8 миллион АҚШ долларын құрайды. Әлем чемпионы атанған боксшы 200 000 АҚШ долларын алады.

Сондай-ақ 2024 жылдың қарашасына Астана қаласында самбодан әлем чемпионаты жоспарланған. Өткен жылы күзде Ереванда өткен самбодан 48-ші әлем чемпионатына 65 ел қатысып, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қоламен үшінші орынға табан тіреді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.