Қазақстандық футбол клубы Швейцарияда сенсация жасады
«Тобыл» екінші іріктеу кезеңінде «Базельмен» кездесті

Қостанайлық «Тобыл» Швейцарияда сенсация жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Тобыл» Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Базельмен» кездесті. Алғашқы ойын Швейцарияда өтті және бұл кездесуде алаң иелері айқын фаворит саналған.
Ойынның 25-минутында Тьерно Барри «Базельді» алға шығарды. Командалар үзіліске дәл осы есеппен кетті.
Ал екінші таймда бәрі түпкілікті өзгерді. 54-минутта «Тобыл» пенальти орындауға мүмкіндік алған, бірақ Рамазан Оразов қақпашыдан айласын асыра алмады.
Әйтсе де, екі минуттан соң Барри алаңнан қуылып, қостанайлықтар тағы да пенальти тепті. Бұл жолы нүктеге келген Серж Дебле мүлт кетпеді.
«62-минутта Рамазан Оразов ойыннан гол соғып, қонақтарды алға шығарды», - делінген хабарламада.
Көп ұзамай Рикардо Калафьори екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осылайша, 9 ойыншымен қалған «Базель» қақпасына «Тобыл» үшінші голды соқты - Ислам Чеснаков қанжығасын майлады.
Конференция лигасы. Екінші іріктеу кезеңі. Бірінші матч
«Базель» (Швейцария) - «Тобыл» (Қостанай) 1:3 (1:0)
Голдар: Барри 25. Дебле пен. 57, Оразов 62, Чесноков 71
Орындалмаған пенальти: Оразов 54
Алаңнан қуылды: Барри 56, Калафьори 69.