Әлем чемпионатында қазақстандық жас спортшылар 10 медаль ұтып алды
Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша 1-орынға ие болды
Албанияда өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар 7 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осылайша, Қазақстан құрамасы медальдардың жалпы саны бойынша 1-орынға ие болды.
Алтын медальдарды 73 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ерасыл Сәулебеков пен 102 келіге дейінгі салмақта Никита Әбдірахманов жеңіп алды. Екі спортшымыз да жұлқа және серпе көтеру қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсетті. Нұрдос Сабыр (89 келіге дейін) мен Таисия Алексеева (64 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды.
«Спортшыларымызды және барлық қазақстандық жанкүйерлерді осынау жетістікпен құттықтаймын. Біздің жас ауыр атлеттерге болашақта да толағай табыстар мен жарқын жеңістер тілеймін. Жаттықтырушыларға да ерекше алғыс айтамын. Себебі олардың еңбегінің арқасында отандық ауыр атлетика мектебі Қазақстанды жаңа чемпиондардың есімдерімен әлемге танытып жатыр», - деп жазды Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.