Тоқаевтың суреті, көздің жақсы көруі, гендерлік теңдік: мергенмен сұхбат
Мерген садақ атудың ағзаға пайдасы туралы да айтты
Мемлекетттен үлкен қолдауға ие болып отырған ұлттық спорт түрінің өкілі, оның ішінде Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметовпен әңгімелескен едік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясы ұлттық спорт түрін дамытуға қолдау білдіреді. Оған дәлел «Ұлы дала жорығы» жыл сайын партияның ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтпек. Сондай-ақ еліміздегі ұлттық спорт өкілдерін ынталандыратын «Алтын тұғыр-2022» сыйлығы да «AMANAT»-тың ұйымдастырылуымен өтті.
Партия төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы елдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүргенін айтты.
«Биыл мыңдаған іс-шара өткіздік. Әр ауылға жеттік. Сол іс-шаралардың басым көпшілігі руханиятқа, ұлттық құндылықты дамытуға арналған екен. Бүгінгі сыйлықтың ауқымы өте кең. Себебі қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық. Бүгін басқаларды айтпағанда билікте жүрген азаматтар тай-тұяғына дейін осы жерге келіп отыр. Оның бір себебі бар деп ойлаймын. Ұлттық спортқа деген Президенттің, мемлекеттің көзқарасы ерекше. «Ұлы дала жорығы» бәйге марафоны Түркістан мен Сарыарқаның арасын ат тұяғымен дүбірлетіп өтті. Ол ұлттың рухын асқақтатқан үлкен іс-шара болды. «AMANAT» партиясы бұл доданы жыл сайынғы дәстүрлі іс-шара ретінде өткізеді. Келесі көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. 2024 жылы өтетін додаға үлкен дайындық керек. Ол әлемдік деңгейде өтуі керек», - деді ол.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, ұлттық спорт – бұл ең алдымен ұлттық рух.
«Себебі ұлттық спорт арқылы біздің болмысымыз, сипатымыз одан бетер күшейіп, қалыптасады. Мен өзім талай куәсі болдым. Бүгін ғана үйремеге келген кішкентай ұл-қыздарымыз бір күн садақ атудан жаттығуға қатысып, жаттығу соңында нысанаға дәл тигізіп жатады. Неге десеңіздер, оның бәрі қанымызда бар. Сол себепті ұлттық спорт түрлеріне қатысып жатқан кезде қандағы бар қасиетіміз оянады. Өйткені ол біздің қанымызда бар. Яғни, ұлттық спортымыз арқылы жүрегіміздегі рух жанады. Сондықтанда ұлттық спорт – ұлтқа дем беретін маңызды құрал деп ойлаймын», - дейді ол.
Диас Ахметов мергендікке бет бұрып, садақ атумен айналысқанына 3 жылдың жүзі болғанын айтады.
«Жалпы 3 жыл бұрын алғаш рет садақты ұстағанда ішім алай-дүлей болып, ықыласым оянды. «Қазақтың гендерлік кодын ояту үшін кішкентай түрткі керек, одан кейін тоқтату қиын» деп айтады ғой. Тура солай, қолыма садақ түскенде ата-бабаның аманаты қайта жаңғырып, оянғандай болды. Оны спорт түріне неліктене айналдырмасқа деген ой келді. Үш жыл бұрын дәстүрлі садақ атудан федерация құрылды. Осы уақыттан бері аталған спорт түрін біз дамытып келеміз. 3 жыл бұрын қатарымыз 50 спортшыдан тұрса, қазір 2 мың спортшы бар. Соңғы республикалық чемпионатқа 180 спортшы жиналды. Садақ ату – көркем, болашағы зор спорт түрі», - деді Диас Ахметов.
Мергеннің айтуынша, садақ ату адамның бойындағы сабырлықты қалыптастырады.
«Адамның психологиялық саулығы қалпына келеді. Арқаның қисаюына жол бермей, тұз жиналудың алдын алады. Ең маңыздысы көздің көруін қалпына келтіреді. Мысалы, бізге келген жасөспірімдер бір айдан кейін көзілдіріктерін тақпайтын болды. Себебі садақ ату кезінде садақшы алдымен оққа қарайды, кейін нысананы көздейді. Көздің бұлшық еттері алыс, жақын нысананы көздеп шынығады. Нысанаға тиген оқты қарау үшін фокусты алыстатады. Осылайша, көздің барлық буыны жұмыс істеп, көру қалпына келеді», - деді мерген.
Диас Ахметовтың айтуынша, дәстүрлі садақ ату – жеке спорт. Алайда оның шарықтау шегі – аттың үстінде садақ ату. Дәстүрлі садақ атуды меңгерген соң, аттың үстінде отырып атуды игеріп кетуге болады.
«Садақ ату спортының ерекшелігі 7-дегі баладан 70-тегі ақсақалға дейін айналыса алады. 15 жастағы жасөспірім мен 70-тегі ақсақал жарыста қатар келуі мүмкін. Бұл спорт күрес, бокс сияқты физикалық мықтылықты, күшті қажет етпейді. Бұл спорт гендерлік теңдікті де сақтайды, яғни қыз, жігіт деп бөлінбейді, қалаған адам айналыса береді», - дейді ол.
Мергеннің айтуынша, садақ атумен айналысқысы келетін адамның бойында сабырдың негізі болады.
«Бұл спортпен айналысатын адам асықпауды үйренеді. Себебі садақ ату асыққанды ұнатпайды. Садақ ату кезінде мидағы артық ойлар тарайды. Бастапқыда сотқар, шошақай балалар біраз уақыт өткен соң ұстамды болады. Мақсатқа жетуді үйренеді. Садақ атудың шеберіне айналу үшін 2-3 ай үзбей жаттығу керек. Яғни өзіңнің мақсатың қандай болады, соған тез жету үшін көбірек жаттығасың», - дейді Ахметов.
Бапкердің айтуынша, әр дүниені мемлекетке жеткізу үшін пісіру керек.
«Біз үш жыл бойы мемлекетке жалынбай, бұл спорт түрін өзіміз дамытып, жұмыс істедік. Үкімет бізді көріп, бұл спорттың тиімді екенін байқап, қолдау көрсете бастады. Қазіргі таңда тың жобалар жасауды ұсынып жатыр. Үкіметтің толық қолдауына ие болып, бұл спорт түрі ұлттық мұраға айналуы мүмкін», - деді ол.
Оның айтуынша, биыл Садақ ату федерациясы үшін жемісті жыл болды.
«Алғаш рет Қазақстан спортшылары әлемдік деңгейде жүлделі орынға ие болды. Түркияда өткен Көшпенділер ойынында күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ биыл тұңғыш рет садақ атудан ел чемпионаты өтті. Ол қазақ елі үшін – үлкен жеңіс әрі көрсеткіш. Дәстүрлі садақ ату тек спорт түрінде дамып қана қоймай, ұлттық киім, дәстүр, тарих сынды ұлттық құндылықты насихаттап жатыр. Қазір Атырау облысында ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Ондағы садақ ату алаңы тарихқа сәйкес, Сарайшық қаласының үлгісі ретінде салынады», - деді ол.
Диас Ахметовтың айтуынша, ел чемпионатына 17 өңір қатысқан. Сол сияқты садақ атуды дамыту үшін арнайы жер қажет емес екенін, қысы, жазы айналыса беруге болатынын қозғап өтті.
«Мысалы, ат спорты оңтүстікте жақсы дамыған. Себебі ол өңірде қыс қысқа. Ал садақ ату мезгіл мен қажетті қондырғыны талғамайды. Барлық өңірде жақсы дамып жатыр. Сол сияқты Маңғыстау облысы дәстүрге өте жақын болғандықтан, қарқыны күшті. Астана жастарының да садақ атуға деген құштарлығы мол», - деді ол.
Ахметовтің айтуынша, 19 миллионы бар халық үшін 2 млн садақ атушының болғаны аз көрсеткіш.
«Біз бұл спорт түрін бұқаралыққа айналып, кем дегенде халқымыздың тең жартысы шұғылданғанын қалаймыз. Ол үшін біз Art спортқа кіруіміз керек. Мектептердегі сабақтарда садақ атуды таныстыруымыз керек. Тарихи кітаптарды ақтарып, оның ішіндегі садақ атудың дәстүрдегі орнын көрсетіп, мектептегі бағдарламаға енгізу керек. Түркия, Малайзия елінде дене шынықтыру пәнінде садақ атқызады. Осындай тәжірибені бізге де кіріктіру керек», - деді ол.
Оның айтуынша, садақ атушылар қатарының көбеюіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың демалыс кезінде садақ атқан суреті әсер еткен.
«Біз оның суретін ғана көрдік. Алайда ол сурет жарияланғалы бері садақ атуға деген қызығушылық артты. Ол бір челленджге айналғандай болды. Себебі барлық жұлдыз садақпен суретке түсіп кетті. Садақ атуға деген қызығушылық басшылар мен сыйлы ағалардың қолына ұстаған әсерден де басталуы мүмкін», - деді Диас Ахметов.
Өз кезегінде Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов қауымдастық құрылған 18 жылдың ішінде талай іс атқарылғанын айтады.
«Ауылдарда мыңдаған спорт секциялары ашылып, ол жерде 300 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Ұлттық спортты бұқаралық сипаттан кәсіби деңгейге көтеруіміз керек. Биылғы қыркүйекке дейін қауымдастық құрамында 5 федерация болған. Жақында тоғызқұмалақ, жамбы ату, садақ ату, асық ату, құсбегі федерациясы қосылып, олардың саны 9-ға жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорттың дамуына ерекше көңіл бөледі. Президент аймақтарға барған сапарында ұлттық спортты дамыту қажеттілігін атап өтті», - деді Исламбек Салжанов.
Ол атағандай, ұлттық спорттың мәртебесін айқындауды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет.
«Қаржыландыру мәселесін реттеу де өзекті. Бұл жерде мемлекеттің қолдауы мен меценаттық тәжірибе де маңызды. Биыл ұлттық спортқа бөлінген қаражат боксқа бөлінген қаражаттан 7 есе, дзюдоға бөлінгеннен 16 есеге аз. Аймақтық филиалдардың жұмысын жолға қою керек. Әр облыста ұлттық спорттың қауымдастығы құрылады. Жақында Ақтөбе облысында қауымдастық құрылып, оның төрағасы болып Ералы Тоғжанов сайланды. Кәсіби ұлттық спорт стандарттарын қалыптастыру бойынша сыйақы жүйесін өзгертіп, арнайы талап бекітеміз. Шынайы бәсекелестікті дамыту үшін арнайы төрешілерді шақырып, тәртіп кеңестерін құрамыз», - деді Исламбек Салжанов.
Ол атағандай, садақ ату, тоғызқұмалақ, ат спортын мектеп бағдарламасына кіргізетін болсақ, жас ұрпақтың ойы мықты, сергек болады.
«Бесінші Көшпенділер ойынын жоғары дәрежеде өткізу мәселесі тұр. Төртінші көшпенділер ойынында Қазақстан 9 медальға ие болды. Біз келесі жолы бұл көрсеткішті еселеп арттырумыз керек», - деді ол сөз соңында.
Марья Айдарбаева