Зайнутдинов италиялық командаға ауысуы мүмкін бе?
Ол Италияның екі командасының назарында екені белгілі болды
Қазақстандық футболшы Бақтиер Зайнутдиновтің Италияның «Аталанта» командасына ауысуы мүмкін деген сыбыс әлі де тоқтаған жоқ. Vesti.kz басылымының хабарлауынша бұл трансфер алдағы желтоқсан немесе қаңтар айларында болуы мүмкін. Өз кезегінде «Қызыл-Жар» командасының бас бапкері Әли Әлиев қазақстандық футболшы туралы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ол кез келген деңгейдегі командаға үйренісіп, сіңісіп кете алады. Себебі оның физикалық мүмкіндігі, ойлау қабілеті, әуедегі допқа таласы, сол аяғының күші жеткілікті. Қазір ол тактикалық тұрғыдан да, физикалық жағынан да дамыған. Ал бұл өте маңызды. Сол себепті ол «Аталантаға» ауысып, командаға сіңіп кете алады деп ойлаймын.
Оның ұлттық құрамадағы, ЦСКА-дағы ойындарына мән беріңізші. Команданың бапкерлері ауысқанмен оның фунциясы өзгерген жоқ, алаңдағы орнын жоғалтқан жоқ. Ұлттық құрамадағы Молдоваға қарсы ойынды еске түсірейік, дер кезде жылдамдығын арттырып, пас берді, артынша гол да соқты. Оның алдында Боснияға қарсы ойында алаңғы шықты, гол соқты. Беларусь құрамасымен ойында допты тартып алып, алға ұмтылды, гол салды. Ол командасын ауыстырады, бапкерлері ауысады, бірақ одан қиналмайды. Себебі оның тактикалық тұрғыда білімі жеткілікті, физикалық жағынан да дайын. Ойлау қабілеті де дамыған», - дейді Әли Әлиев.
Айта кетейік, италиялық инсайдер Никола Скира «Аталантаның» Зайнутдиновке қызығушылық танытып жатқанын мәлім еткен. Талантты ойыншыларды іздейтін скауттардың бірі Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Италияның екі командасының назарында екенін растады. Бақтиер Зайнутдинов биыл Ресей премьер-лигасында ЦСКА сапында 15 ойын өткізді.