Қазақстан хоккей державасы бола ала ма – «Барыс» клубының бас жаттықтырушысымен сұхбат

Сағыныш Ибрагим

Соңғы уақытта топ құрамындағы қазақстандық ойыншылардың қатары өскен

Қазақстанда хоккей жанкүйерлері көбейіп келеді. Бұл үрдістің негізгі себепкері «Барыс» клубы деп толық айтуға болады. Астанада топ құрылғанынан бастап хоккей жайында республикалық деңгейде айтыла бастады. Бүгінде «Барыс» Қазақстан құрамасы үшін базалық клуб және бүкіл ел бойынша мыңдаған жанкүйері бар. Қазір топ құрамында қазақстандық ойыншылардың қатары айтарлықтай өсті.

Azattyq Ryhy «Барыс» командасының феномені неде және Қазақстан хоккей державасы бола ала ма деген сұрақ төңірегінде команданың бас жаттықтырушысы Андрей Скабелкамен сұхбаттасып, ойыншылар, жанкүйерлермен де әңгіме құрды.

Андрей Скабелка топ құрамына кіру үшін ойыншыға қандай талаптар қойылатынын айтты.

«Ең алдымен спортшылардың физикалық дайындығына қараймыз. Қазіргі лиганың қарқыны күшті және әр топтағы ойыншылар күш жағынан мықты. Сондықтан бірінші талап – күш. Сондай-ақ, ақыл мен кәсібилік керек. Топ құрамына кірген ойыншы команда үшін соңына дейін баруға дайын болуы керек», - дейді жаттықтырушы.

Топ ойыншылары ойынның барлық шарттарына ыңғайланған. Себебі хоккейде төбелес, дене жарақаты көп болады. Ойыншылар тістерінің сынғанына да әбден үйренген және оны салдыруға асықпайды. Ойыншыларға қатысты сын-пікір де жиі айтылады.

«Жазылған пікірлерді арасында тыңдаймыз. Түрлі пікір болады бірақ, оны тыңдағаннан, оқығаннан ештеңе өзгермейді. Кәсібіміз осы болғандықтан бәрін көтеруге тырысамыз. Жеңіліп қалған кездерде біреуі сынаса, енді біреуі қолдау білдіріп жатады. Жалпы ойын әр түрлі болады. Ойын бойы жақсы ойнап жеңіліп қалатын кездер де, әлсіз ойнап жүріп жеңіп кететін уақыттар да болады. Ойын алдында теріс пікірлерді тыңдамауға барынша тырысамыз. Себебі, бұл ойын барысында ойыншыға тікелей әсер етуі мүмкін. Жарыс алдында тек отбасымыз, жақындарымызбен ғана сөйлесеміз», - дейді «Барыс» клубының шабуылшысы Кирилл Савицкий.

Клубтың ойынын жібермей, барлық ісін ысырып қоятын жанкүйерлердің қатары өте көп. Бір қарағанда жай ғана ойын болып көрінсе де, хоккейдің арқасында қаншама адамдар ұлтына, статусына қарамастан бірігіп, бір алаңға біріге шығады.  

«Барыс» клубының бас бапкері қазір топ құрамында ойнайтын қазақтардың саны айтарлықтай өскенін айтады. Кезінде топ өкілерінің ішінде бір-екі қазақ болса, қазір олардың қатары көбейген.

Әр елдің оң жаңбасына сай келетін спорт түрі болады. Мысалы, Ресей мәнерлеп сырғанаудан, Англия футболдан мықты болғаны сияқты Қазақстанның да хоккей державасы болуға мүмкіндігі бар, дейді Андрей Скабелка.

«Қазақстанда дәл осы хоккей бағытында шәкірттерді дайындайтын мықты мектептер қай кезде де бар. Аталған спорт түрінен еліміздің көптеген өңірлері жақсы дамытып жатыр. Осы қарқынмен жалғасса Қазақстанның хоккей державасы болуға зор мүмкіндігі бар. Менің бұған күмәнім жоқ», - дейді бас жаттықтырушы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстанда хоккейден әлем чемпионатын өткізу идеясын ұсынған еді. Егер елімізде жоғары хоккейде чемпионат өтетін болса, бұл хоккей спортының дамуын жеделдетеді, дейді Андрей Скабелка.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.