Тағы да допинг: ауыратлет Нижад Рахимов Олимпиада алтынынан айырылды
Ол сондай-ақ 2029 жылға дейін спорттан шеттетілді
2016 жылы Рио олимпиадасында Қазақстан қоржынына алтын медаль салған ауыратлет Нижад Рахимовтың допинг қолданғаны анықталды. Тиісінше, ол аталған жүлдеден айырылды деп мәлімдеді Спорттық арбитражды сот.
Айта кетейік, жерлесіміз Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындарында 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бірінші орын алған еді. Ол кезде екінші орын қытайлық Лю Сяоцзюнге, үшінші орын мысырлық Мұхаммед Ахмед Махмудқа бұйырған.
«Нижад Рахимовтың 2016 жыл 15наурыздан 2021 жыл 18 қаңтарға дейінгі аралықта жеңіп алған барлық жүлдесінің күші жойылады. 2021 жылдың қаңтарында халықаралық тестілеу агенттігі қазақстандық спортшыны допинг пайдаланды деп айыптаған болатын. Рахимов анализін алмастырған. Сол үшін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы спортшыны 2029 жылға дейін спорттан шеттетті», - делінген аталған хабарламада.
Осылайша, Рио олимпиадасында Қазақстан қоржынында үш емес, екі алтын медаль қалды. Оның бірі боксшы Данияр Елеусіновке, екіншісі жүзгіш Дмитрий Баландинге тиесілі.