«Бұл ұсынысты 40 жыл күттік»: Қапшағайға Қонаевтың аты беріледі дегенді естіген ел аламан бәйге өткізді
Аталған қала және мұндағы су қоймасы Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен салынған
Алматы облысында аламан бәйге өтті. Ақсақалдардың сөзінше, Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беру туралы ұсынысқа қуанған ел бұл жаңалықты тойлауға көшкен. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген қуанышты жаңалықтың құрметіне өңірдің жастары аламан бәйге ұйымдастырған.
Жалпыұлттық іс-шара Шеңгелді бөктеріндегі Бәйгетөбеде өтті. Сәйгүліктерін сынауға елдің әр аймағынан жүз елуден астам атбегі келген. Олар сәйгүліктерін аламан бәйге, тай жарыс, құнан бәйгелері бойынша жарысқа қосып, темір тұлпардың иесін анықтады.
Ауыл халқының сөзінше, Қонаевтың атын қалаға беру туралы ұсыныс өткен ғасырдың 80-жылдары да көтерілген екен. Өйткені, Қапшағай қаласын және су қоймасын салу тікелей Қонаевтың қолдауымен жүзеге асқан. Тұлғаға қаланың атын беру туралы өтініштерді ақсақалдар қырық жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтты.
«Ауылдың ақсақалдары Қапшағайдың атын Қонаев деп ауыстыруға қарсы емес және ол ұсынысты қолдап жатыр. Қуанышпен қарсы алып жатыр. Бүгінгі таңда біздің атымыз да, бағымыз да шауып жатқан сияқты. Өйткені, қаламызға Қонаев атамыздың атын беру туралы ұсыныс, Қапшағайдың облыс орталығы болуы және Наурыз мерекесімен қатар келді. Бүгінгі бәйгені осы жақсы жаңалықтармен байланыстыруға болады. Жастар бәйге ұйымдастырайық деді. Әкімдік жастардың пікірін қолдады», - деді Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Орынбасарұлы.
Жалпы, республика деңгейінде өткен бәйгеге Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары және Алматы, Талдықорған қалаларынан жүйріктер қатысты. 25 шақырымдық аламанға – 50 сайгүлек, 15 шақырымдық топ бәйгесіне – 40, 8 шақырымдық құнан жарысқа – 50, 4 шақырымдық тай жарысына – 30 ат жіберілген.
Жарыста топ бәйгенің жүлдесі – Батыс Қазақстанға бұйырды. Құнан бәйге – Ескелді ауданы, тай жарысқа – Жамбыл ауданы ие болса, аламан бәйгеде Қордай ауданынан келген сәйгүлік бас жүлдені жеңіп алып, «Лада Гранта» автокөлігін қанжығасына байлады. Бәйгені ұйымдастырудан түскен қаражатқа жастар жағдайы нашар отбасыларға баспана алып береді.