Қазақстан Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға 8 спорт түрінен 82 жолдама алды
Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады
17 қаңтар күні ақ Олимпиада ойындарына арналған барлық іріктеу және рейтингтік додалар аяқталып, басым бөлігі үлестірілді. Нәтижесінде Қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен 82 жолдамаға қол жеткізді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Шаңғы жарысы бойынша 30 жолдама қоржында. Фристайлшылар тоғыз жолдамаға ие болған. Оның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12, шорт-трекшілер тоғыз жолдаманы қоржынға салды. Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары төрт жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар екі лицензияға иелік етті.
Бүгінгі таңда олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Айта кетерлігі, бұл спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үлестірілуі мүмкін. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының дайындығы жайында жиын өткізді. Министр алдағы қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды.
«Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирустық инфекцияның көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасап, спортшыларды дайындау, сапалы жаттығу, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына қатысуы қаржыландырылды», - деді Мәдениет және спорт министрі.
«Бүгінгі күннің басты міндеті – спортшылар мен жаттықтырушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау. Олардың көпшілігі, яғни іріктеу турнирлерін аяқтағандар соңғы апта бойы жабық карантиндік аймақтарда орналасты. Онда дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әлемдік додалар аяқталған соң Бейжіңге ұшпас бұрын спортшылар карантинде уақыт өткізеді. Барлық спортшылар кешенді-ғылыми топ мамандарының үздіксіз бақылауында. Мәдениет және спорт министрлігі мен ҰОК спорттық жарыс күнтізбе бойынша додаларға қатысу, дайындық жұмыстары, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар, оның ішінде еліміздегі халықаралық жарыстарға қатысу үшін командаларға барлық жағдайды жасады. Енді спортшылар ең жауапты кезеңге аяқ басып отыр. Қазақстан халқы біздің команданы қолдайтынына сенімдіміз», - дейді ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.
Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады және төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.