«Алтай» волейбол клубына ауысқан доминикандық ойыншының жалақысы белгілі болды
Доминикандық волейболшы қазақстандық клубпен бірге бір ғана жарыста өнер көрсетеді
Қазақстандық волейбол клубында өнер көрсететін доминикандық ойыншы Бетания Де Ла Крустың қанша жалақы алатынын белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығысқазақстандық «Алтай» волейбол клубы спортшыларының қатарына Доминикан Республикасының ойыншысы Бетания Де Ла Крус қосылды.
2005 жылдан бері Доминикан Республикасы құрамасының сапында өнер көрсетіп жүрген 34 жастағы спортшы құрлықтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері. Сонымен қатар Пуэрто-Рико, Жапония, Корея, Ресей, Италия және Түркия клубтарында ойнаған. Спортшының бойы – 188 см.
Алайда белгілі болғандай, доминикандық волейболшы қазақстандық клубпен бірге бір ғана жарыста өнер көрсетеді екен. Бұл туралы облыстың спорт басқармасының басшысы, «Алтай» волейбол клубының бұрынғы президенті Досжан Уалханов айтты.
«Біздің «Алтай» командасы клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысқалы жатыр. Бетания Де Ла Крус тек сол жарыста ғана өнер көрсететін болады. Ал алдағы уақытта оның клубта қалуы немесе қалмауы жарыстан кейін талқыланады. Әлем чемпионаты 15-20 желтоқсан аралығында Түркия елінің Анкара қаласында өтеді», - деді ШҚО әкімдігі спорт басқармасының басшысы Досжан Уалханов.
Спорт додасында әлемнің алты үздік клубы бақ сынамақ. Олардың қатарында екі бразилиялық, екі түркиялық, бір италиялық және бір қазақстандық командалар қатысады. «Алтай» клубының алғашқы ойыны 15 желтоқсан күні бразиялық командамен өтеді.
Сондай-ақ, Досжан Уалханов клуб басшылығы не себепті дәл осы ойыншыны таңдағанын айтты.
«Біріншіден бұл ойыншының тәжірибесі мол. Екіншіден қазіргі уақытта ойыншы табу оңай емес. Өйткені чемпионаттардың барлығы басталып кетті. Келісімшарттары жасалып қойған. Бұл клубтың деңгейі жоғары болғандықтан бізге осындай көмек керек болды», - деді облыстық спорт басқармасының басшысы.
Легионер ойыншының жалақысы отандық волейболшылармен тең болмақ.
«Қазақстандық ойыншылардың жалақы мөлшерімен теңдей алады. Одан артық берілмейді. Министрліктің кәсіби спорттағы жалақыға қатысты бекіткен лимиттері бар. Сол лимиттерден біз асырмаймыз. Ал лимит бойынша үздік ойыншылардың жалақысы 2 млн теңгеден аспауы тиіс», - деді Досжан Уалханов.