Елеусінов пен Дычконың АҚШ-тағы жекпе-жектері өтпейтін болды ма?
Ал елордада өтетін бокс кеші 18 желтоқсанға жоспарланған
Қазақстандық боксшылар Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) және Иван Дычко (10-0, 10 КО) АҚШ-тағы жекпе-жектерден бас тартады. Бұл туралы боксшылардың менеджері Зия Алиев мәлім етті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жоспар бойынша Дычко қараша айының басында жұдырықтасуы тиіс болатын, ал Елеусіновке нақты күн белгіленбеген еді. Алайда жағдай күрт өзгерді.
«Америкадағы жекпе-жектер болмайтынға ұқсайды. Дайындық жағы қалыс, ұйымдастыра алмайтын сияқтымыз. Одан да біржола Нұр-Сұлтандағы жақсы айқастарға дайындалған жөн. Бар назарды сонда бұру керек», - дейді Алиев.
Айта кетейік, ел астанасында өтетін бокс кеші 18 желтоқсанға жоспарланған. Елеусінов бірден екі титул үшін жұдырықтасуы мүмкін, ал Дычкоға карьерасындағы ең мықты қарсылас тауып бермек.