Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы анықталды
Жекпе-жек 5 қараша күні Лас-Вегаста өтеді.
Қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлының (10-0-0, 6 KO) келесі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды BoxingScene.
Аталмыш басылымның хабарлауынша ол 37 жастағы француз, орта салмақтағы WBA және WBO бойынша экс-чемпион Хассан Н'Дам Н'Жикамға қарсы шығады. Жекпе-жек 10 раундқа есептелген. Олар Лас-Вегаста 5 қараша күні екінші жартылай жеңіл салмақта WBO чемпионы Микаэл Майер мен IBF белбеуінің иегері Майва Хамадуш андеркартында күш сынасады.
Айта кетейік, 29 жастағы Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін маусым айында Лас-Вегаста АҚШ-тың бұрынғы чемпион Роб Брантқа қарсы өткізіп, уақытынан бұрын жеңіске жеткен. Ал Н'Жикам маусым айында Францияда венгриялық Габор Горбичті ұпай саны бойынша жеңген.