Әділбек Жақсыбеков футзалдан Қазақстан құрамасының жетістігіне қатысты пікір білдірді
Қазақстан құрамасының әлем чемпионатының жартылай финалындағы қарсыласы - Португалия
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков футзалдан Қазақстан құрамасының әлем чемпионатының жартылай финалына шығуына қатысты Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірді.
«Кеше күллі Қазақстан жұртшылығы футзалдан Қазақстан құрамасының жеңісін көріп шаттанды. Иран секілді даңқты командадан жеңіліп жатып, жігер көрсетті. Мұндай жеңісті спорт әлемінде қатты бағалайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен хабарласып бізді құттықтап жатқан футбол мамандары өте көп. Иран Азияның тұрақты чемпионы болып жүрген тегеурінді команда. Бірақ, біздің жігіттер де оңай емес. Қазақ елі үшін патриоттық сезіммен алаңға шықты. Соның арқасында жеңіске жетті», - деді Федерация басшысы.
ҚФФ президенті алдағы Португалия құрамасына қарсы өтетін матчтан не күтетінін де айтты.
«Әлбетте, Португалия бұл әлемдік футзалдың көшбасшысы. Олар - 2018 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы. Әлем біріншіліктерінде күміс және қола жүлдегер атанып, үнемі үздік төрттік қатарында жүрген ұжым. Бұл команда сапында Рикардиньо секілді аты аңызға айналған шеберлер бар. Алайда, біздің жігіттер олардан еш сескеніп отырған жоқ. Біздің қақпашы Игита да «Әлемнің 5 дүркін үздік қақпашысы» атанған. Одан өзге Дәурен Тұрсағұлов секілді ойыншымызға қазір Испанияның «Эль-Посо» деген атақты командасы қызығып отыр. Біржан Оразов, Дәурен Нұрғожин, Жомарт Тоқаев секілді қазақ футзалшылары өздерін көрсетіп жүр. Сондықтан Португалиямен тең дережеде ойнауға болады. Олар да Испаниядан жеңіліп жатып, жартылай финалға жолдама алып кетті. Ең бастысы қазақстандық жанкүйерлер 30 қыркүйек күні Қазақстан құрамасын қолдап, тілекші болса, финалға шығып кетуіміз әбден мүмкін», - деді Әділбек Жақсыбеков.
Айта кетейік, футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы ирандық футзалшылармен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ал, Әлем чемпионатының финалы 3 қазанда өтеді.