$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.08.2021, 10:01
Спорт

Ерлан Қожағапанов «Астана» футбол клубында болып жатқан «бардак» туралы айтты

Оның сөзінше командадағы легионерлер 70-80 мың еуроға дейін жалақы алады

Ерлан Қожағапанов «Астана» футбол клубында болып жатқан «бардак» туралы айтты
Фото ашық дереккөзден

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «Астана» футбол клубының жағдайы туралы жаңалығымен бөлісті.

Еске салайық, отандық футбол клубтары биылғы еурокубок жарыстарында сәтсіз өнер көрсетті. Алғашқы айналымда сәтті өнер көрсеткен «Қайрат» та, «Тобыл» мен «Астана» да келесі айналымда оңбай жеңілді. Осы орайда айта кететін бір жәйт, біздің клубтардың жылдық бюджеті қарсыластардан бірнеше есе көп, тіпті 10 есе жоғары.

«Әрине, футболымыздың жағдайы көңіл көншітпей тұр. Бірақ, бұл жердегі нәтижелерге тереңінен үңілу қажет. «Қайрат» – жеке клуб, әлемдік деңгейдегі база салып, топ академия құрған. Қайрат Боранбаевтың төл баласы. Бюджет қаржысымен өмір сүрмейді. «Қайрат» сияқты командалар көп болса деп тілейсің.

Ал «Тобыл» көңіл қалдырды. Бірінші рет емес. Бірақ, Қостанайда облыс әкімі манеж салып, стадионды күрделі жөндеуден өткізген. Менің білуімше, ол қазір стадионға соңғы үлгідегі жасанды алаңды төсеп жатыр. Ұлттық құрамамыздың көшбасшы ойыншыларының басым бөлігі «Тобыл» сапында ойнап жүр. Егер олар Еуропада ойсырай жеңілген болса, демек біздің қазіргі деңгейіміз осы», - деді вице-министр.

Қожағапанов әсіресе, «Астана» футбол клубына көңілі қалғанын айтып отыр. Клубқа бөлінген қаражат ауаға кетті дейді маман.

«Мен үшін көңілімді қатты құлазытқан жайт – «Астананың» жағдайы. Көп жылдар бойы клуб ел футболының флагманы болды. Бюджеті жылына 30 миллион долларға дейін жетті. Осының нәтижесі қайда? Ештеңе де жоқ. База жоқ, академия да салынбады. Осы жылдар ішінде бірде-бір футболшыны тиімді, пайда әкелетін қаражатқа сатқан жоқ. Барлық ақша негізсіз қымбат легионерлерге, олардың агенттеріне, болмашы трансферлерге жұмсалды. Барлық нәтиже таблода, оған қараудың өзі ұят. Бір сөзбен айтқанда – бардак», - деді Ерлан Қожағапанов.

Оның айтуынша, «Астана» футбол клубы қарызға белшеден батып қалған. Биылғы маусымға команда 4,2 млрд теңге кредиторлық берешекпен кірген. Қарыздың көп бөлігі 2020 жылы пандемия басталған уақытта пайда болған.

«Клуб белшесінен берешекке батып, енді оны мемлекет есебінен өтегісі келеді. Бірақ бұл қарыздың көптеген компоненті зерттеле келе үлкен сұрақтар туып отыр. Біз көптеген қарыздардың пайда болуының заңдылығына елеулі күмән бола тұра, ақшаны оп-оңай бере алмаймыз. Қазір бұл ақша сенімді қорғалған. Бірақ ол клубқа барған бетте, күмәнді келісімшарттар есебінен басқа тараптарға кету қалуы мүмкін. Біз оған жол бермейміз», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі.

Оның пікірінше, аталған қарыздың біраз бөлігі «қолдан жасалған» болуы ғажап емес. Вице-министр енді клубқа мемлекет тарапынан берілетін әрбір тиын есепте болатынын айтып отыр.

«Клубта кейбір легионерлерге айына 50-60 мың еуро төлейді, ал жыл сайын ондаған және жүздеген мың еуроға көтергіштер тағайындалады. Бір футболшының орташа айлық табысы 70-80 мың еуроға дейін жетеді. Не үшін? Финдердің бүкіл командасы біздің бір ойыншыға тиесілі жалақыны алады. Соған қарамастан финдер келесі кезеңге өтті. Ау, сонда сіз қай елде тұрып жатырсыз? Балаларға, жанкүйерлерге, бүкіл Қазақстанға қандай пайдасы бар? Біз клубқа қаржылық тәртіпті, негізгі тәртіпті енгізгіміз келеді, бірақ олар бұған қарсы», - деді ол.

Қожағапановтың айтуынша, келесі жылы «Астана» клубының бюджеті 40 пайызға қысқарады.

Ерлан Қожағапанов 2014-2016 жылдары Қазақстан футбол федерациясының президенті болған.

Серіктес жаңалықтары