Жамбылдықтар атынан Елдос Сметовке автокөлік берілді
Дзюдошының бас бапкеріне 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовті (дзюдо) қабылдады. Кездесуде аймақ басшысы спортшының жетістіктерін жоғары бағалап, ол тек Жамбыл облысының ғана емес, еліміздің намысын абыройлы қорғап, мерейін тасытып жүргенін айрықша атап өтті.
«Жамбыл жерінен шыққан спорт саңлақтары аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Елдос Сметов деп білеміз. Сенің жетістігің, спорттағы табыстарың – бүгінгі жас өрендерге үлгі-өнеге. Сен өзіңнің мықты спортшы екеніңді тағы да дәлелдей түстің. Барша жанкүйерлердің үмітін ақтадың», - деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі Елдос Сметовке жаңа автокөліктің кілтін табыстап, алдағы уақытта да ел спортын дамыту жолындағы еңбегіне сәттілік тіледі. Ал, жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевке 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.