Өскеменде 4,5 мыңнан астам бала жаз бойы футбол ойнап, үстел теннисінен жарысқан
Бұл шаралардың басты мақсаты – балаларды бұқаралық спортқа тарту
Шығыс Қазақстан облысында балалар арасындағы спорттық аула клубтары лигасының финалдық кезеңі өтті. Осылайша, 24–27 қыркүйек аралығында Өскемен қаласында мектеп оқушылары арасында шағын футбол мен үстел теннисінен облыстық жарыс өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жарыс Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен өткен.

Жоба «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталды.
«Спорттық аула клубтары лигасы Шығыс Қазақстан облысының 2026–2027 жылдарға арналған жастар саясатын іске асыру стратегиясы аясында құрылды. Жазғы демалыс кезеңінде облыстың қалалары мен аудандарынан келген жасөспірімдер шағын футбол мен үстел теннисінен өңірлік жарыстарға қатысты», - деп хабарлайды дереккөз.
Ақпарат көзіне сүйенсек, жаз бойы осы жарыстарға 4,5 мыңнан астам бала қатысқан. Оның ішінде 3 261 бала шағын футболдан, 1 357 жасөспірім үстел теннисінен бақ сынаған.

«Ал финалдық кезеңде облыстың үздік командалары мен спортшылары өзара мықтыны анықтады. Жарысқа барлығы 663 мектеп оқушысы қатысты. Оның 468-і шағын футболдан, 195-і үстел теннисінен сынға түсті», - деп хабарлайды дереккөз.