Бүгін, 02:42
Спорт

Азиада-2026: Қазақстан 28 қыркүйекте бес медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы 45 медальмен жалпыкомандалық есепте бесінші орында тұр

Азиада-2026: Қазақстан 28 қыркүйекте бес медаль жеңіп алды
Фото: ҚР ҰОК

28 қыркүйекте Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы үш күміс және екі қола медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ҰОК-не сілтеме жасап.

Қазақстан қоржынына ауыр атлетикадан екі күміс медаль түсті. 85 келіге дейінгі салмақта Алексей Чуркин екінші орын алды. Қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 173 келі, серпе көтеруде 205 келі көтеріп, қос сайыс қорытындысында 378 келі жинады. Оның жұлқа көтерудегі нәтижесі әлемдік рекорд ретінде тіркелді.

95 келіге дейінгі салмақта Нұрғиса Әділетұлы күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық ауыр атлет қос сайыста 394 келі нәтижесін көрсетті: жұлқа көтеруде 177 келі, серпе көтеруде 217 келі.

Тағы бір күміс медальды Аделина Земс жеңіп алды. 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру финалында қазақстандық жеңіл атлет 54,58 секунд нәтиже көрсетіп, жеке рекордын жаңартты. Жарыста БАӘ өкілі Мариам Карим 54,31 секунд нәтижемен жеңіске жетіп, Азия ойындарының рекордын орнатты.

Кураштан 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Ахметғали қола медаль иеленді. Қазақстандық спортшы жартылай финалда Өзбекстан өкілі Ахрор Зиёдуллаевтен 0:10 есебімен жеңіліп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.

Қазақстан құрамасына тағы бір қола медальды көркем жүзуден аралас команда әкелді. Қазақстандықтар аралас командалар арасындағы жарыста 216,7961 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Команда құрамында Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Айгерім Құрманғалиева, Карина Магрупова, Ксения Макарова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова, Ясмин Туякова, Даяна Джаманчалова және Жаклин Якимова өнер көрсетті.

28 қыркүйекте қазақстандық боксшылар да шаршы алаңға шықты. 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балкибекова ширек финалда жапониялық Юна Нисинакуды 3:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. 75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова Өзбекстан өкілі Азиза Зокированы 4:1 есебімен жеңді.

Сондай-ақ ағайынды Сабырхандар да жартылай финалға шықты. Торехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта Ирак өкілі Али Касим Хамдан Аль-Саррайды бірінші раундта нокаутпен жеңді. Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақта оңтүстіккореялық Шин Джэ Ёнды 3:1 есебімен ұтты. Осылайша, Алуа Балкибекова, Наталья Богданова, Торехан және Махмұд Сабырхандар кемінде қола медальді қамтамасыз етті.

Нұрбек Оралбай Азиададағы өнерін аяқтады. 90 келіге дейінгі салмақтағы ширек финалда қазақстандық боксшы Өзбекстан өкілі Турабек Хабибуллаевқа төрешілердің бөлінген шешімімен 2:3 есебімен жол берді.

Оқ атудан 25 метр қашықтықтан тапаншамен ату сайысында Валерия Попелова, Нина Старова және Сәуле Әлімбек бақ сынады. Жеке есепте Попелова 18-орын, Старова 37-орын, Әлімбек 40-орын алды. Командалық есепте Қазақстан тоғызыншы орынға тұрақтады.

Осылайша, жарыстың тоғызыншы күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 45 медаль бар: 9 алтын, 13 күміс және 23 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.