27.09.2026, 08:24
Спорт

Қазақстандық жеңіл атлет Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева Жапониядағы 2026 жылғы Азия ойындарында құрамаға тағы бір жеңіс сыйлады

Қазақстандық жеңіл атлет Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды
Фото: ҚР ҰОК/Арлан Олжабай

Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының сегізінші жарыс күнінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.

Токсанбаева марафондық қашықтықтағы спорттық жүрістен жарыста жеңіске жетті.

Қазақстандық спортшы мәреге 3:22:20 нәтижесімен жетті. Екінші орын Қытай спортшысы Даньцзэн Цюйцзунға бұйырды – оның нәтижесі 3:26:09. Үздік үштікті тағы бір қытайлық спортшы Ма Ли 3:32:26 нәтижесімен түйіндеді.

Бұл медаль Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы тоғызыншы алтыны болды. Ерлер арасындағы жарыста Георгий Шейко алтыншы нәтиже көрсетті.

Бұған дейін жеті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 35 медаль болғаны хабарланған еді: 8 алтын, 8 күміс және 19 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.