Александр Бублик Лэйвер кубогында әлем құрамасы сапында жекелей және жұптық сында өнер көрсетеді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Лэйвер кубогында әлем құрамасы сапында алғаш рет өнер көрсетеді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик АТР рейтингінде Топ-20-дан шығып қалды. Ал ертең қазақстандық теннисші 2026 жылғы Лэйвер кубогында әлем құрамасы сапында екі матч өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Лондондағы әлем құрамасы мен Еуропа құрамасының кездесуіне Бублик команданың капитаны Андре Агассиден арнайы шақырту алды. Ертең Александр жекелей сында Рафаэль Ходарға қарсы ойнаса, жұптық сында Тейлор Фритцпен бірге Карлос Алькарас пен Якуб Меншикке қарсы кортқа шығады.
Бубликтің екі кездесуінен бөлек, турнирдің алғашқы күнінде Каспер Рууд Франческо Черундолоға, ал Якуб Меншик Брэндон Накашимаға қарсы ойнайды.
Род Лэйвердің құрметіне аталған Лэйвер кубогы биыл тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Турнирге Еуропадан алты теннисші және әлемнің қалған бөлігінен алты спортшы қатысады. Олардың үшеуі АТР рейтингі бойынша автоматты түрде таңдалса, қалған үшеуін команда капитаны шақырады.
Үш күн ішінде барлығы 12 матч – тоғыз жекелей және үш жұптық кездесу өтеді. Турнирдің бірінші күніндегі әр жеңіс үшін командаға 1 ұпайдан беріледі. Екінші күнгі жеңіс 2 ұпайға бағаланса, үшінші күнгі әр жеңіс 3 ұпай әкеледі.
13 ұпайды бірінші жинаған команда жеңімпаз атанады. Есеп 12:12 болған жағдайда жеңімпазды қосымша жұптық кездесу анықтайды.
Барлық матч үш сетке дейін ойналады. Үшінші сет тай-брейк форматында 10 ұпайға дейін жалғасады.
Көрсетілімдік турнир саналғанымен, Лэйвер кубогында теннисшілерге АТР рейтингіне ұпай берілмейді. Дегенмен барлық қатысушыға жеке сыйақы төленеді. Ал жеңімпаз команда құрамындағы әр теннисші қосымша 250 мың доллар алады.
Турнир алғаш рет 2017 жылы Прагада өтті. Кейін жарыс Чикагода (2018), Женевада (2019), Бостонда (2021), Лондонда (2022), Ванкуверде (2023), Берлинде (2024) және Сан-Францискода (2025) ұйымдастырылды.
Қазірге дейін Еуропа құрамасы бес рет жеңіске жетсе, әлем құрамасы үш рет турнир чемпионы атанған.