30.06.2026, 16:40
Спорт

Ұлының өмірі үшін бәрін сатқан: Германияны әлем чемпионатынан шығарған Орландо Хильдің әсерлі тағдыры

Баласының емі үшін бәрінен бас тартқан Орландо Хиль әлемді таңғалдырды

Ұлының өмірі үшін бәрін сатқан: Германияны әлем чемпионатынан шығарған Орландо Хильдің әсерлі тағдыры
Фото: Getty Images

Парагвай мен Германия арасындағы әлем чемпионатының 1/16 финалындағы тарихи матчтың басты қаһарманы – Парагвай құрамасының қақпашысы Орландо Хиль. Ол пенальти сериясында Кай Хаверц пен Ник Вольтемаденің соққыларын қайтарып, өз командасына сенсациялық жеңіс сыйлады. Ал оның өмір жолын кешелі бері бүкіл әлем талқылап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2022 жылы Орландо мен жұбайының ұлы дүниеге келді. Алайда сәби шала туғандықтан, оған ұзақ уақыт ем мен арнайы күтім қажет болды. Сол кезде Хиль Парагвайдың екінші дивизионында өнер көрсететін «Спортиво Сан-Лоренсо» клубының қосалқы қақпашысы еді.

Жалақысы мардымсыз болғандықтан, баласының еміне ақшасы жетпеді. Амалы таусылған Орландо қолында бар құнды заттарын сатуға мәжбүр болды. Бұл оқиға көпшілікке тек 2025 жылдың қыркүйегінде, Парагвай ұлттық құрамасындағы дебютінен кейін ғана белгілі болды.

Жұбайының айтуынша, Орландо Хиль спорттық киімдерін, бутсаларын, кроссовкаларын, тіпті 2019 жылы жастар арасындағы Оңтүстік Америка чемпионатында киген Парагвай U20 құрамасының жейдесін де сатып жіберген. Жас футболшы үшін ол жейде жай ғана спорттық киім емес, орындалған арманының бір белгісі еді. Бірақ сол сәтте естеліктен бұрын ұлының өмірі маңызды болды.

Қиын кезең ұзаққа созылғанымен, 2024 жылдың басында оның тағдыры өзгере бастады. Хиль Аргентинаның әйгілі «Сан-Лоренсо» клубынан шақырту алып, бастапқыда қосалқы құрамда өнер көрсетті.

2025 жылдың басында команданың негізгі қақпашылары Кейлор Навас пен Андрис Нопперт жарақат алып, бапкерлер штабы Орландоға мүмкіндік берді.

Хиль бұл сенімді толық ақтады. Маусым алдындағы дайындық барысында «Индепендьенте дель Вальеге» қарсы пенальтилер сериясында шешуші сейв жасап, көзге түсті. Кейін клуб оның трансферлік құқығының 50 пайызын 500 мың долларға сатып алды.

2025 жылы ол «Сан-Лоренсоның» негізгі қақпашысына айналып, қыркүйекте Парагвай ұлттық құрамасында дебют жасады. Ал 2026 жылдың жазында әлем чемпионатында Германияны жарыстан шығарып, өз еліне тарихи жеңіс сыйлады.

Айта кетерлігі, Германиямен матчтағы ерлігі оның алғашқы жетістігі емес. Әлем чемпионатына екі ай қалғанда Хиль клуб сапында «Ривер Плейтке» қарсы кездесуде Джулиано Галоппо мен Кендри Паэстың пенальтилерін қайтарған еді. Алайда командаластары өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, «Сан-Лоренсо» жарыстан шығып қалды. Бұл жолы оның сейвтері Парагвайға жеңіс әкелді.

Орландо Хильдің жұрт біле бермейтін тағы бір қыры бар. Ол бала кезінде қақпашы емес, алаңдағы ойыншы болған. Бір деректерде орталық жартылай қорғаушы, енді бірінде шабуылшы ретінде ойнағаны айтылады. Алайда алғашқы бапкерлерінің бірі оның доппен ойынына көңілі толмай, «не қақпаға тұр, не қосалқы құрамда қал» деген таңдау ұсынады. Орландо қақпашы болуды таңдап, кейін бұл шешім оның тағдырын өзгертті. Қазір оның бойы – 198 сантиметр.

Соған қарамастан, алаң ойыншысының машығы әлі де сақталған. Хиль пенальти мен айып соққыларын орындауды ерекше ұнатады. Жаттығудан кейін қалып, осы шеберлігін үнемі шыңдайды.