19.06.2026, 23:21
Спорт

Қазақстандық дзюдошылар Моңғолиядағы Grand Slam турнирінің алғашқы күнін жүлдесіз аяқтады

Ұлттық құрама спортшылары жарыстың алғашқы күнінде жүлдеге іліге алмады

Қазақстандық дзюдошылар Моңғолиядағы Grand Slam турнирінің алғашқы күнін жүлдесіз аяқтады
Фото: olympic.kz

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында дзюдодан Grand Slam сериясындағы турнир басталды. Бұл жарыс 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңінің алғашқы турнирі саналады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҰОК-ке сілтеме жасап.

Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізе алмады.

Қазақстандық дзюдошылар арасында ең үздік нәтижені Диана Бүркеева (48 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) көрсетті. Ол жұбаныш белдесу кезеңіне дейін жеткенімен, испаниялық Абелинда Мартинеске есе жіберді. Осы салмақтағы Галия Тынбаева екінші айналымда франциялық Ширин Буклиден жеңіліп, жарысты аяқтады.

Ерлер арасындағы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мағжан Шамшадин алғашқы белдесуінде италиялық Бьяджо Анджелодан ұтылды. Ал Аман Бақытжан екінші айналымда грузиялық Георгий Сардалашвилиге жол берді.

66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев пен Ақжігіт Насыр жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтады. Серікбаев әзербайжандық Руслан Пашаевтен жеңілсе, Насыр моңғолиялық Эрхембаяр Баттогтохқа есе жіберді.

Әйелдер арасындағы 52 келіге дейінгі салмақта Аружан Ережепова алғашқы белдесуінде моңғолиялық Гал-Од Цэрэнтогтохтан жеңілді. Ал 57 келіге дейінгі салмақта Дана Әбдірова түрікменстандық Майса Пардаевадан ұтылса, Дина Мұханбет Ирина Зуеваға жол берді.