Бұл матчты ұмытпаймыз – Өзбекстан құрамасының бапкері әлем чемпионатындағы алғашқы ойын жайлы
Көршілес ел Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілген еді
Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Upl.uz. басылымына сілтеме жасап.
«Ойын қызық өтті. Екінші таймда матчтың барысын өзгерте алдық. Ойын тізгінін өз қолымызға алуға тырыстық. Біз бұл чемпионатқа Өзбекстанды жақсы қырынан таныту үшін келдік. Командама әрдайым алаңда белсенді қозғалу керегін айтып жүремін. Допсыз Колумбия секілді құрамаларға қарсы ойнау өте қиын. Жалпы алғанда, екінші таймда жақсы өнер көрсеттік. Алайда, өкінішке қарай, голдар өткізіп алдық. Бұл матчты ұмытпаймыз. Ойын тарихи мәнге ие болды. Қателіктер болды, енді солармен жұмыс істейміз», – деді Каннаваро.
Еске салайық, Өзбекстан құрамасының әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы голын кездесудің 60-минутында Аббосбек Файзуллаев соққан еді.
Фабио Каннаваро шәкірттері келесі ойынын 23 маусым күні Португалия құрамасына қарсы өткізеді. Одан кейін Конго Демократиялық Республикасымен ойнайды.